Қазақстанда фильмдер прокатқа шығар алдында порнография мен тыйым салынған контентке тексеріледі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда фильмдерді прокатқа шығарудың жаңа тәртібі бекітілді. Енді кинотуындылар көрерменге ұсынылмас бұрын арнайы сараптамадан өтеді.

Фото: Kazinform / Freepik

Тиісті ережені Мәдениет және ақпарат министрлігі бекітті. Құжатқа сәйкес, фильмдердің мазмұнын арнайы комиссия қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестік тұрғысынан бағалайды.

Прокат алдындағы сараптама фильмдерде зорлық-зомбылықты насихаттау, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық және рулық алауыздықты қоздыру белгілерін анықтау мақсатында жүргізіледі. Сондай-ақ дәстүрлі емес жыныстық көзқарасты, педофилияны және порнографияны насихаттайтын контентке де тексеру жасалады.

Сараптама үшін фильм авторлары немесе құқық иелері туындыны комиссия қарауына ұсынады. Комиссия материалды талдап, талқылау өткізеді, кейін дауыс беру арқылы шешім қабылдап, сараптамалық қорытынды береді.

Жаңа тәртіп аясында фильмдердің жас ерекшелігі бойынша жіктелуі де нақтыланды. Енді киноөнімдер жеті санатқа бөлінеді:

  • 6 жасқа дейін;
  • 6 жастан бастап;
  • 12 жастан бастап;
  • 14 жастан бастап;
  • 16 жастан бастап;
  • 18 жастан бастап;
  • 21 жастан бастап.

18 санатына суицид, адам өлтіру, отбасы мәселелері мен ажырасу, есірткі және алкогольге тәуелділік, түрлі аурулар, қоғамға жат мінез-құлық көріністері қамтылған фильмдер енгізіледі. Сондай-ақ сюжет пен көркемдік мақсатқа сай берілген жалаңаштық, жыныстық қатынас немесе эротикалық көріністер, дөрекі жаргон сөздер мен бейәдеп лексикасы бар туындылар осы санатқа жатады.

18 белгісі бар фильмдерді телеарналарда тек сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін көрсетуге рұқсат етіледі.

Ал 21 санатындағы фильмдерге мазмұн жағынан қосымша шектеу қойылмайды. Дегенмен мұндай туындылар кинотеатрларда тек түнгі 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін көрсетіледі.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, отандық фильмдердің халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі артады.