Қазақстанда футзалдан студенттер арасындағы Әлем чемпионаты өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл 19-26 тамыз аралығында Алматы қаласында студенттер арасында футзалдан Әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан студенттер арасындағы футзалдан 2018 жылғы Әлем чемпионатын өткізу құқығын 2015 жылы қазан айында жеңіп алған болатын.

Аталмыш байрақты дода ТМД елдері аумағында алғаш рет өткізілетін болады. Оған әлемдегі жиырмадан астам ең мықты студенттік құрамалар қатысатыны күтіледі. Сондай-ақ көптеген халықаралық жанкүйерлер мен еріктілер келетіні жоспарланған.

Ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасының Студенттік спорт федерациясы және Ұлттық студенттік лигасы.

Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU), ҚР Студенттік спорт федерациясы және Ұлттық студенттік лига арасында қол қойылған келісімге сәйкес, студенттер арасындағы футзалдан Әлем чемпионатын 19-26 тамыз аралығында өткізу  айқындалған.

Сонымен қатар ұйымдастыру комитетінің құрамына ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі кіріп отыр.

Атап өтерлігі, 2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен құрылған Ұлттық студенттік лигасының негізгі мақсаты   жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Қазіргі уақытта Ұлттық студенттік лига Қазақстанның барлық жоғары оқу орындар мен колледждерді біріктіре отырып, жастарды салауатты өмір сүруге шақырады.