Қазақстанда ғаламторды пайдаланушылар ел тұрғындарының 26,5 пайызын құрайды.
2009 жылдың желтоқсаны мен 2010 жылдың желтоқсаны арасында ғаламтор аудиториясы 30 пайыздан астам өскен. Қала тұрғындарының 16 жастан асқан 41 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 19 пайызы ғаламторды қолданады. Сондай-ақ олардың 94 пайызы ғаламторға айына бірнеше мәрте шығатыны мәлім болып отыр.
Ғаламторды қолданушылардың жас ерекшілігі әртүрлі. Мәселен 16-мен 24 жастың аралығындағылардың үлесі 70 мыңнан астам тұрғыны бар қалаларда 66 пайызды құрап отыр. Олардан ересектер де қалыспай келеді. 25-44 жастағылардың - 52 пайызы, 45-54 жастағылардың - 35 пайызы, ал 55 жастан жоғарғылардың үлесі 10 пайызды құрауда.
Сауалнама қорытындысына қарағанда олар ғаламторға негізінен компьютер немесе ноутбуктен шығады. 70 мыңнан астам тұрғыны бар қала тұрғындарының 12 пайызы интернет-қызметті ұялы телефоннан GPRS/WAP арқылы пайдаланады. Олардың арасында он адамның жетеуі ғаламторға ұялы телефонмен қатар үйдегі немесе жұмыстағы компьютерінен де шығатынын айтып отыр.
Ғаламторды күн сайын пайдаланатын ересектер биыл қалаларда 47 пайызды құрады. Былтыр олардың үлесі 42 пайыз болған. Ал интернетке аптасына кемінде бір рет шығатындар ағымдағы жылы 79-дан 84 пайызға дейін өскен. Қазақстандықтардың ғаламторды көбіне-көп электрондық пошта алмасуға, музыка мен бейнелерді жүктеуге және әлеуметтік желілерде тілдесуге пайдаланады. Былтыр қалалық отбасылардың 47 пайызының үйлерінде компьютер болса, биыл ол 55 пайызға өскені байқалады. Ал ноутбугы бар отбасылар 7-ден 12 пайызға жеткен. Олардың ғаламторға қосылу көрсеткіші компьютерлерде 26-дан 33 пайызға дейін өсіп отыр.