«Ғалымдардың табысы өзі ұтып алған жобаларға байланысты болады. Демек, ол шынында да, озық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобаларды ұтып, қосымша зерттеу жұмыстарына атсалысса - оның айлығы әлбетте жоғары болады. Демек, бәрі де ғалымдардың біліктілігіне байланысты. Табысы әжептәуір ғалымдар баршылық. Олар әр түрлі құрау немесе құрастыру жұмыстарына араласа отырып, өндіріске де атсалыса алады. Мәселен, Шығыс Қазақстанда қазіргі уақытта медицинада қолданылатын протездерге арналған жаңа қорытпа жасау бойынша ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Онда қазір бизнес те, мемлекет те ақша салуда. Әлбетте, онда жұмыс атқарып жатқан ғалымдар жақсы табыс табады», - дейді Болатбек Әбдірасылов.
Сонымен бірге, Ғылым комитетінің төрағасы қазіргі уақытта еліміздегі ғалымдардың айлығы шамамен қанша екенін айтып берді.
«Қазақстандағы ғалымдардың табысы айына шамамен 160-180 мың теңге болады. Демек, айтарлықтай көп емес. Бұл сомадан аз және көп алатындар да бар», - дейді ол.
Бұған қоса, Болатбек Әбдірасылов қазақстандық ғалымдар шетелдік әріптестерімен салыстырғанда шамамен қанша айлық алуы керектігі жөнінде сұраққа жауап берді.
«Бәрі де айналып келгенде жалпы ішкі өнімге байланысты. ЖІӨ-нің мөлшеріне қарай әр елде айлық әр түрлі. Мәселен, Қазақстан мен АҚШ ғалымдарының айлығын салыстыру өте қиын. Өмір сапасы мен азық-түлік себеті әртүрлі дегендей... Сондықтан, ғалым көп табыс табу үшін ағылшын тілін меңгеріп, әр түрлі халықаралық конференцияларға, шараларға араласуы керек», - деп түйді Болатбек Әбдірасылов.