Қазақстанда ғарыш суреттері арқылы заңсыз мұнай кеніштерін анықтау жоспарлануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ғарыш суреттері арқылы заңсыз мұнай кеніштерін анықтау жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының салық мәселелерін талқылауға арналған жұмыс тобында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

Оның сөзі бойынша, салық органдары ғарыштан түсірілген суреттерді пайдалана бастады. Сынақ ретінде Ақмола облысы Целиноград ауданы алынған. Нәтижесі жаға ұстатады.

"Ақпараттық теxнологияларды қолданған кезде көп мәліметтер түседі. Мысалы, қазір біз жерсеріктерді қолдану арқылы жаңа бағдарлама бастадық. Жерсерік Мемлекеттік кірістер комитетіне не қатысы бар деген сұрақ тууы мүмкін. Бүгін біз бірінші кезеңін аяқтадық. Астана маңындағы барлық жерлерді ғарыштан түсірдік. Ол жер қойнауын заңды немесе заңсыз пайдалануға қатысты ақпаратты алу үшін жасалды. Жерсеріктік суреттер тіркелмеген және келісімсіз жұмыс жасап жатқан жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау үшін қолданамыз. Целиноград ауданының өзінде 19 заңсыз кен орындары анықталды. Топырақ, саз, қиыршық тас шығаратын кеніштер. Оларда жер қайнауын пайдалану туралы келісімшарт жоқ. Ақпараттық теxнологияны пайдаланудың оң тұсы осы", - деді ол.

Д. Ерғожиннің сөзінше, ғарыш түсірілімдері комитет үшін үлкен қаражат талап етпейді, керісінше оны үнемдейді.

"Оның құны біз үшін тиын тұрады. Жедел топ құрып, оларға қажетті құралдарды бөлгенше, бірнеше шаршы шақырым жердің ғарыштан түсірілген фотосуретін 30 мың теңгеге алып, қайда бару керектігін біліп отырған әлдеқайда жылдам әрі тиімді. Тек бір ғана ауданда 19 заңсыз кен орны табылды. Біз енді келесіде Батыс Қазақстанда, орталық Қазақстанда мұнайды заңсыз өндіру кеніштерін анықтауға күш салуды жоспарлаудамыз. Жаңағы 19 кен орны сол ауданның кірісін еселеп арттырады. Себебі олар салық төлеуге міндеттеледі. Бұл жақсы, сондықтан біз осындай жұмыстарды қолға алдық", - деп атап өтті ол.