Отырыста ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету ұзақмерзімді жоспарлау, ресурстық базаны кеңейту және стратегиялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру қажеттігі айтылды.
— Мемлекет басшысы экономиканың орнықты дамуы үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым, ішкі нарықты энергия ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін әрдайым атап көрсетеді. Бұл міндеттер толығымен газ саласына да қатысты. Себебі ішкі тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылы 20 млрд текше метрге жетті, — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов биыл 24 маусымда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылғанын еске салды. Елді газдандыру 2035 жылға дейінгі газдандырудың бас схемасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында екі негізгі құжат бекітілді. Олар — ҚР газ саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары және 2035 жылға дейінгі көмірсутек шикізатының жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспары.
Аталған құжаттардың негізгі мақсаты — мұнай мен газдың жаңа кен орындарын кезең-кезеңімен игерудің тиімді тетігін қалыптастыру, көмірсутек ресурстық базасын тұрақты ұлғайту және экономика мен халықтың табиғи газға өсіп отырған қажеттілігін қамтамасыз ету.
— Жоспар аясында 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған. Бүгінгі таңда QazaqGaz компаниясымен 9 келісімшарт жасалды. Оның ішінде 6 жоба барлау сатысында, ал 3 жоба өндіру сатысында. 2023-2025 жылдары «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компанияларымен Анабай, Барханная, Рожковское және Западная Прорва кен орындары өнеркәсіптік игеруге енгізілді. Сонымен қатар 2027 жылы Западная Прорва кен орнының екінші іске қосу кешенін және Малдыбай, Придорожное, Урихтау кен орындарын пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деді министр.
Айта кетейік, Үкімет газ саласын дамытуға назар аудармақ.