Қазақстанда генетиктер мен селекционерлердің кәсіби қоғамын құру ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Өсімдіктер биологиясы және биотехнология институты Молекулярлық генетика зертханасының меңгерушісі Ерлан Тұрыспеков Қазақстанда генетиктер мен селекционерлердің кәсіби қоғамын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмысымыздың тиімділігін арттыру үшін түрлі бағыттарды біріктіру қажеттілігі туып отыр. Генетиктер мен селекционерлердің кәсіби қоғамын құратын уақыт келді», - деді Ерлан Тұрыспеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол Қазақстанның әлемдік нарықтағы жетекші бидай жеткізушілердің бірі екенін еске салды. 

«Қазақстаннан өзге ондаған бидай жеткізуші елдерде генетиктер мен селекционерлердің ұйымы бар.  Мұндай қоғам бізде де болуы керек, онда жиі бас қосып, өзекті мәселелерді талқылаймыз», - деп атап өтті Молекулярлық генетика зертханасының меңгерушісі.