Қазақстанда GGGI-дің тікелей жұмыс істеуіне құқықтық жағдай жасалды

АСТАНА. KAZINFORM - 21 қыркүйекте Сеул қаласында Қазақстан Республикасы мен Жаһандық жасыл өсу институты (Global Green Growth Institute, GGGI) Қазақстандағы ұйымның мәртебесі туралы келісімге (Host Country Agreement) қол қойды.

Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, келісім GGGI-дің Қазақстандағы құқықтық мәртебесін айқындап, ұйымның ел аумағында тікелей жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Бұл Қазақстанның мемлекеттік институттарына көрсетілетін қолдауды кеңейтуге, нақты жобаларды жүйелі түрде дайындауға және инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

GGGI 55 мүше мемлекетті біріктіреді және 57-ден астам елде бағдарламаларды іске асырады. Қазақстан 2022 жылдан бері GGGI мүшесі болып табылады.

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін қолдау және нақты экономикалық әрі экологиялық нәтижелерге қол жеткізу үшін сараптама, технологиялар мен инвестициялар тарту.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы экология саласына жаңа стратегиялық міндеттер жүктеген болатын.