Кейбір мәліметтер бойынша ғаламшарда 1 миллиардқа жуық адам артериялық гипертониямен ауырады екен. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақтың С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің профессоры Сәуле Қасенова айтты.
Маманның хабарлауынша, Гипертониямен күресу дүниежүзілік лигасының бастамашылығы бойынша 2005 жылы мамырдың 17-сінде Гипертониямен күресудің халықаралық күні белгіленген болатын. Биыл дәл осы күні Қазақстанның 16 қаласындағы жетекші бизнес-орталықтарда, емдеу-амбулаториялық мекемелерде, әуежайлар мен теміржолдарда (республика бойынша 200-ге жуық нүктеде) кез-келген адам өзінің қан қысымын өлшей алады. Сондай-ақ, оларға артериялық гипертензия туралы, аурудың алдын алудың жолдары туралы ақпараттар беріледі.
Бұл науқанның мақсаты - артериялық гипертензияның қаупі туралы, қан қысымын бақылап отырудың қажеттілігі туралы халықты кеңінен хабардар ету.