Қазақстанда гламур кэмпинг орындары 38-ге жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бір жылда Қазақстанда глэмпинг кешендерінің саны 28-ден 38-ге дейін көбейді. Олар еліміздің 8 өңірінде ашылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Глэмпинг – жайлы қонақ үй жағдайында табиғат аясында демалу мүмкіндігін біріктіретін кемпинг түрі. Қазір дүниежүзі бойынша туристер тарапынан глэмпингтерге сұраныс артып, танымал бола бастады.

Глэмпинг құрылысы – кәсіпкерлер үшін де қолжетімді әрі тиімді бизнес-жоба. Бүгінде Алматы облысында «Қапшағай Глэмпинг Playa» кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Имантау-Шалқар курортты аймағында «A-frame glamping house Shalkar» және «Shalkar» глэмпинг-паркінің құрылысы жоспарланып отыр. Екі кешеннің жалпы сыйымдылығы – 110 төсек-орнына арналған.

«Былтыр елімізге 1 миллионға жуық шетелдік турист келді. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін өседі деп күтіліп отыр. Шетелдіктер негізінен табиғат аясында, курортты аймақтарда демалысты таңдайды. Сол себепті глэмпингтердің құрылысы әлемдік трендке ілесе отырып, еліміздің туристік тартымдылығын одан әрі арттырудың тамаша мүмкіндігі», - дейді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.