Оның айтуынша, қазіргі таңда барлық дерлік облыстық әкімдіктермен өңірлік гольф федерацияларын құру туралы келісіміге қол қойылған.
«Бұл федерациялар таяу уақытта жергілікті жалпы білім беретін орта мектептерде гольф бойынша балалар-жасөспірімдер секцияларын ашумен айналысады. Онда балалар тегін түрде гольфтың қыр-сырын меңгеретін болады. Қазір Қазақстанда гольфты дамыту бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Барлық облыстармен келісілген соң, ол күшіне енеді. Сөйтіп, Қазақстанның Дене шынықтыру мен спортты дамыту бағдарламасының құрамына енеді» , - деді К. Лифанов.
Ол сонымен қатар, бұл бағдарламаның қазірдің өзінде Алматыда ішінара жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді.
«Алматыда бұл бағдарлама «Нұртау» және «Жайлау» гольф-клубтарының базасында қолға алынды. Онда балалар тегін және ақылы негізде гольфты үйреніп жатыр. Абонементтік төлем бір айға 16-20 мың теңге. Бұл басқа кейбір спорт түрлерімен салыстырғанда қымбат емес», - деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қазір бұл салада кадр даярлау мәселесі де қарқынды түрде жүргізілуде.
«Кадрлар алдымен әрине гольф-клубтарда даярланады. Кейін белгілі бір жетістікке қол жеткізген соң, жаттықтырушы болғысы келетін спортшылар Қазақтың спорт және туризм академиясының гольф бөліміне оқуға түседі. Қазір бізде бірнеше маман осы оқуды бітірді. Одан әрі білімін жетілдіргісі келетіндер шет елдерге барып оқиды. Сондай-ақ, біздегі арнайы оқу бағдарламаларына қатыса алады. Тағы бір айта кететін жәйт, таяуда «Нұртау» гольф-клубында гольфтан балалар академиясы құрылады. Ол белгілі америкалық маман Дэвид Лидбеттердің гольф академиясы мәртебесіне ие болады. Бұл жергілікті балалар үшін тамаша мүмкіндік», - деді Қазақстан гольф федерациясының бас хатшысы.
Айта кетелік, қазіргі таңда Қазақстанда жеті гольф-клуб жұмыс істейді. Олардың екеуі Астанада, үшеуі Алматыда және Сарыағаш пен Қостанай қалаларында бір-бір гольф-клуб орналасқан. Бұдан басқа, Талғар қаласы мен Бурабайда жаңадан гольф алаңдары салынып жатыр.