Қазақстанда Голливуд, Нью-Йорк кино академиясы сынды әлемдік орталықтармен бірлесіп, кино мектебін ашуымыз қажет - А.Мұхамедиұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Голливуд, Нью-Йорк кино академиясы сынды әлемдік орталықтармен бірлесіп, кино мектебін ашуымыз қажет.

Бұл туралы бүгін «КТК» телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Қазіргі уақытта бізде кино саласында нақты қадамдар жасауымызды талап ететін жоспарлар бар. Біз кешенді жұмыстар жүргізуге тиіспіз. Голливуд, Нью-Йорк кино академиясы сынды әлемдік орталықтармен бірлесіп, кино мектебін ашуымыз қажет», - деп атап өтті министр.

Сонымен қатар ол жыл сайын бірен-саран қазақстандық шетелдік жетекші кино орталықтарында білімдерін жетілдіріп, біліктерін арттырып қайтатындығын еске салып өтті.

«Екіншіден, әрине, бізде кино туралы жеке заң болуы тиіс. Онда алдын ала төлем қалай жүргізіледі, авторлық құқық қалай қорғалады деген сынды мәселелер нақты жазылуы керек. Ең бастысы, қаржыға кім жауапты болатындығы айқын көрсетілуі қажет. Біздер басқа деңгейге көтерілуге тиіспіз», - деді А.Мұхамедиұлы.

Министр сұхбат барысында кино түсіріліміне мемлекет тарабынан бөлінген қаржыға бақылаудың төмен болып отырғандығына тоқтала келе, ендігі уақытта қадағалаудың күшейтілетіндігін баса атап өтті.