Қазақстанда ғылымды қаржыландыру 70%-ға артты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық ғылым саласында конкурстар мен гранттардың жаңа түрлері енгізілді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті. Егер бұрын гранттық және нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар үш жылда бір рет жарияланса, енді конкурстар жыл сайын өткізіледі. Гранттардың жаңа түрлері енгізілді. Атап айтақанда, жас ғалымдарға, коллаборацияға, қысқа мерзімді, жеке гранттар деген секілді. Нысаналы қаржыландыру нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге ғана бөлінеді», - деді Дархан Ахмед-Заки Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ғылым комитетінің басшысы ұлттық кеңестер жұмысына үлкен сын болғанын айтты.

«Ұлттық кеңесте шешімдер жасырын түрде, жабық қабылданып келді. Осы орайда қазіргі таңда ұлттық ғылыми кеңестер жұмысының форматы өзгерді. Жетекші ғалымдар наукометрия негізінде таңдалып, кеңес құрамы 85%-ға жаңартылды. Кеңес отырыстары онлайн форматта нақты критерийлер арқылы жобаларды қаржыландыру бойынша ашық дауыс беру жүйесі енгізілді»,- дейді ол.