Қазақстанда халал индустриясын дамыту тұжырымдасын әзірлеу қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда халал индустриясын дамыту тұжырымдасын әзірлеу қажет. Мұндай ұсынысты Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Ғилымбек Мәжиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде көптеген мекемелердің, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың халал нарығына қызығушылығы жоғары. Сондықтан халал мәселесіндегі әрбір мекеменің орнын анықтау қажет. Қай мекеме неге жауап беретіндігін белгілеу керек. Сонда ғана біз оңтайлы халал индустриясын құра аламыз. Бұған қоса, еліміздегі халал индустриясының даму тұжырымдамасын әзірлеу қажет», -  деді Мәжиев елордада өтіп жатқан халал индустриясы саласындағы малайзиялық органдардың өкілдерімен кездесу аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, тұжырымдама әзірлеумен айналысатын арнайы жұмыс тобын жасақтап, оны жүзеге асырудың 2017-2020 жылдарға немесе 2017 жылдан бастап 5 жылға жоспарын түзу қажет. Жоспар арқылы халал индустриясын дамыта отырып, халықаралық, әлемдік халал стандартын беретін ұйымдарға шығуға болады.

Сондай-ақ Мәжиев БАҚ өкілдерінің сауалына орай  Діни басқарма атынан тіркелген 80-нен астам кәсіпорын халал стандартымен жұмыс істейтіндігін атап өтті. 

«Біз оларға жауап береміз және басқарманың атынан діни, шариғат, стандарт жағынан олардың өнімдерінің халал екендігіне кәміл сендіреміз. Ал басқа мекемелердің қанша кәсіпкерлікке халал стандартын бергендігі жайында ақпаратымыз жоқ. Жалпы, осыдан біраз уақыт бұрын «адал» деген логотип жоспар түрінде енгізілген. Бірақ, қазіргі уақытта  халықаралық стандарттарға сәйкес «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы, ал ортасында халал» деген жазуы бар логотип береміз», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Ғилымбек Мәжиевтің елімізде халал деген бір ғана логотип болуы қажет деген пікірін жариялаған болатынбыз.