Қазақстанда халықаралық «Астық - 2025» конференциясы өтеді

Коллаж: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform/ freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM - 2025/2026 жаңа астық маусымы қарсаңында Қостанай облысындағы жетекші агроқұрылымдардың бірінің егіс алқаптарында халықаралық «Астық - 2025» астық конференциясы өтеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, аталған іс-шара алғаш рет бір алаңда астық, бұршақ және майлы дақылдарды өсіруге маманданған 500-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және өткізу саласындағы кәсіпорындарды біріктіреді. Конференция 31 шілде – 1 тамыз аралығында өтетін «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» халықаралық ауыл шаруашылығы көрме-демонстрациясы аясында, «Восток-1» ЖШС және «Агрофирма Қарқын» ЖШС демонстрациялық алқаптарында ұйымдастырылады.

Қатысушылар қатарында Қазақстан мен шетелдің жетекші агроөндірушілері, сондай-ақ Өзбекстанның «Узёгмойсаноат» май-тоңмай өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері болады.

— Конференцияның басты құндылығы – ол алғаш рет астық нарығының негізгі қатысушыларын, яғни саланың нақты ережелерін қалыптастыратын тұлғаларды бір жерге жинайды. Бұл іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік байланыстарды нығайта отырып, жаңа серіктестіктерге серпін береді, - деді ұйымдастырушы EXPO TIME компаниясының директоры Адилхан Сагимбаев.

Конференцияның басты ерекшелігі — оның ерекше форматта өткізілуінде: барлық инфрақұрылым — конференц-залдардан бастап павильондар мен тамақтану аймағына дейін — егіс алқаптарының өзінде, өндірістік жағдайға барынша жақын ортада орналасады.

Бұл — бұған дейін көбіне ірі қалалардағы қонақүйлерде өткен шаруалардың іскерлік кездесулерінің жаңа үлгісі болмақ.

«Астық 2025» қатысушылары астық саудасындағы өзекті трендтерді талқылап, өндіру мен қайта өңдеудегі озық технологияларды зерделеп, өзге елдерден келген әріптестерімен тәжірибе алмаса алады.

Астық қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік беретінін жазған болатынбыз.