Қазақстанда халықтың нақты табысы бір жылдан кейін алғаш рет артты

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде 2026 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша халықтың нақты ақшалай табыстарының динамикасын талдады.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

ҰСБ дерегі бойынша, 2026 жылғы I тоқсанда Қазақстан халқының нақты ақшалай табысы соңғы жылы алғаш рет оң серпінге шықты. Инфляцияның баяулауы халықтың нақты табысының жыл ішінде алғаш рет оң динамикаға шығуына ықпал етті.

— Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ол 0,1%-ға өсті. Халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды ақшалай табысы айына 252 619 теңге болған. Бұл 2025 жылғы I тоқсан деңгейінен 11,8%-ға жоғары. Инфляциялық процестердің біртіндеп баяулауы, атап айтқанда тұтыну бағасының тұрақтануы маңызды фактор болды, — делінген хабарламада.

Айта кету керек, жыл басынан бері жылдық инфляция деңгейі тұрақты баяулап, ағымдағы жылғы маусымда 10,3%-ға дейін төмендеді.

Жалдамалы жұмыстан түскен кірістер халықтың барлық ақшалай кірісінің үштен екісін құрайтын азаматтардың әл-ауқатының негізгі көзі болып қала береді. Бұл ретте еңбекақы төлеу деңгейі экономика салаларында айтарлықтай ерекшеленеді.

2026 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша орташа айлық номиналды жалақы 9,1%-ға өссе, нақты жалақы индексі 97,7%.

Сонымен қатар, еңбекақы төлеу динамикасы экономикалық қызмет түрлерінде айтарлықтай ерекшеленді.

Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі ауыл шаруашылығында — 20,3%-ға (нақты мәнде-7,7-ға), қаржы және сақтандыру қызметінде — 18,1% — ға (5,7%), көлік пен қоймалауда-12,9%-ға (1,1%), өңдеу өнеркәсібінде-14% — ға (2,1%) тіркелді. Бұл бірқатар салаларда, ең алдымен экономиканың мұнай емес секторында еңбекақының озыңқы өсіп отыруының сақталуын айғақтайды.

Экономиканың мұнай емес секторындағы жалақының жоғары өсу қарқыны өте маңызды. Өйткені ол өндірісті дамыту, еңбек өнімділігінің өсуі және сапалы жұмыс орындарын құру арқылы халықтың табысын арттыру мүмкіндіктерінің біртіндеп кеңеюін көрсетеді.

— Ұлттық экономика министрлігі халықтың нақты табысының одан әрі тұрақты өсуі Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Ол үшін ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және қосылған құны жоғары салаларды дамыту секілді, еңбекақыны ұлғайту жөніндегі шаралар кешенін көздейтін халықтың табысын арттырудың кешенді жоспары іске асырылып жатыр, — делінген хабарламада.

Инфляциялық қысымның одан әрі төмендеуімен ұштастыра отырып, осы шараларды іске асыру нақты табыстың неғұрлым орнықты өсуін және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуі тиіс. Үкіметтің, Ұлттық банктің және ҚНРДА-ның 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасына сәйкес халықтың нақты табысының нысаналы өсуі жыл сайын 2-3%-дан төмен емес.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылы инфляция деңгейін 10 пайыздан төмен ұстауды тапсырғанын жазғанбыз.