Қазақстанда Халықаралық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы құрылады

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Елбасы тапсырмасымен Қазақстанда Халықаралық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын құруды жоспарлап отырмыз.

Бұл туралы бүгін «Bnews.kz» ақпараттық порталының негізінде өткен Интернет конференция барысында «ҚазАгроИнновациялар» АҚ президенті Серік Кененбаев мәлім етті.

Аталған құрылым Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталықтың негізінде ашылатын болады. Онда ауыл шаруашылығы саласындағы озық ойлы ғалымдар қызмет етіп, заманауи зертханалардың негізінде іс-тәжірибелер жүргізеді. Сондай-ақ аталған орталықта жас мамандардың білімдерін шыңдап, арнайы дайындықтан өткізу жоспарланған.

«Бүгінгі таңда орталықтың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Бұл орталықта жетекші ғалымдар жұмыс істейтін болғандықтан, онда барлық техникалық құрал-жабдықтар қойылады», - дейді С.Кененбаев.