Қазақстанда халықаралық автомобиль жүк тасымалы жеңілдейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда автокөлікпен халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат куәліктерін беру мемлекеттік қызметі жеделдетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР ИДМ Көлік комитетінде ведомство басшысының автокөлік саласында мемлекеттік қызеттерді бекітуге қатысты 2018 жылғы 18 маусымынан № 454 бұйрығы бекітілді. Құжатқа сәйкес халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат куәлігі мен автокөлік құралдарына рұқсат карточкасын беру мемлекеттік қызметін көрсетудің электрондық формасы енгізіледі. Ол қағаз жүзіндегі формамен қатар көрсетіледі», - делінген аталған ведомство мәліметінде.

Сондай-ақ комитет ақпаратына сәйкес, мұнан басқа мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 3-тен 2 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Бұйрық ҚР Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жолданды.