Бүгін Астанада БҰҰ Даму бағдарламасының «Оңтүстіктің өрлеуі: алуан түрлі әлемдегі адами прогресс» атты ғаламдық баяндамасының аймақтық тұсаукесері барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков осылай мәлім етті.
«Бүгінгі таңда Қазақстан ХХІ ғасырдағы ең серпінді экономикалы елдер арасында үшінші орында тұр және 2000-2012 жылдар арасындағы өзінің өсім қарқынының тұрақтылығын да сақтап, адам дамуының жоғары деңгейі сақталған мемлекеттер қатарына кіріп отыр. Өз тәуелсіздігінің 22 жылында Тұңғыш Президенттің басшылығымен Қазақстан транзитті экономика жолынан өтті, жан басына шаққандағы табысы орташа елдердің қатарына жетті. 17 млн.-ға жуық халықтың құрамында орта топтағылар саны артып, олар барынша табысты болып келеді», - деді министр орынбасары А. Волков.
Сонымен қатар, ол соңғы 15 жылда халықтың табысы 16 есеге артқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан даму көрсеткіштерін жақсартуға қатысты өзінің міндеттемелері бойынша теңдессіз шараларын атқаруда. «Біз жалпылама бастапқы білім беру, әйелдер құқын ілгерілету, кедейлік деңгейін төмендету бағыттарына қатысты қыруар міндеттерді атқардық. Осы бағытты барынша жоғары көрсеткіштерді бағындыруды да діттейміз. Әлеуметтік саланы қаржыландыруға бөлініп жатқан қомақты қаражат та өзінің оң нәтижелерін беруде. Тек соңғы бес жылдың ішінде елімізде ана өлімі 3 есеге төмендесе, бала туу 1,5 есеге артты. Соңғы 15 жылда білім беру саласына жұмсалған шығыстар 9,5 есеге өсті. 1997 жылдан бері республика бойынша мыңға тарта мектеп салынып, ауруханалар да осы көрсеткіштен жоғары шамада бой көтерді», - деді А. Волков.