Қазақстанда халықтың жалақысы Халықаралық Еңбек Ұйымының қағидаттарына сәйкес қорғалатын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Жалақыны қорғау туралы конвенцияны (95-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Конвенция мемлекеттің жалақыны қорғау нормаларын қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл Конвенцияны Халықаралық Еңбек Ұйымына мүше 97 мемлекет қабылдаған. Ал бұған қажетті алғышарттар бүгінгі таңда Қазақстанда да қалыптасып отыр. «Әлемдік дамудың жаһандануы мен Қазақстанның дамыған отыз елінің қатарына қосылу бағытында еңбекақыны реттеу, халықаралық стандарттарды енгізу, адам капиталын дамыту тұрақтылықты сақтаудың міндетті шарты болып табылады. Осыған орай, жалақының Халықаралық Еңбек Ұйымының қағидаттарына сәйкес қорғалуы аса маңызды. Конвенцияны ратификациялаудың өзектілігі де осында»,- дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова. Оның айтуынша, Конвенцияның ұйғарымдары экономиканың барлық салаларына қатысты және жалақы есептелетін немесе төленетін адамдардың барлығына бірдей қолданылады. Бұдан бөлек, Конвенцияда жалақыны уақытылы және жүйелі төлеудің, оны шектен тыс ұстап қалулардан, кәсіпорын банкрот болған немесе таратылған жағдайда жалақыны қорғау қарастырылады.