Қазақстанда індетті паротитпен сырқаттану бір жыл ішінде 1,5 есеге азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылдың 11 айында Қазақстанда індетті паротитпен сырқаттанудың көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 23 жағдай тіркелді. Былтырғы 2014 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 36 фактіні құраған болатын. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.

Министрлік ақпаратына қарағанда, Қазақстанда халықты жоспарлы түрде індетті паротитке қарсы иммунизациялау қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы біріктірілген вакцинациялау арқылы жүргізіліп келеді. Бұл ҚР Профилактикалық егу ұлттық күнтізбесіне кіреді.

«Халықты кең көлемді вакцинациялау нәтижесінде соңғы 20 жылда республикада індетті паротитпен сырқаттану деңгейі 160 есеге азайды. Халық арасында «свинка» деп аталатын ауру ауа-тамшылы жұқпа жолмен сыртқы ортадағы тұрақсыз вирус арқылы туындайды. Сонымен қатар, зақымдану күнделікті тұрмыс бүйымдары, ойыншықтар, жұқпалы ауруға шалдыққан адамның сілекейі арқылы да болуы мүмкін. Аурудың қажалып кеткен түрлері де жиі кездеседі. Мұндай жағдайда ауруға шалдыққан адамдар жанындағыларға зор қауіп төндіреді. Ауруға 3 пен 15 жас аралығындағы балалар, сондай-ақ ересектердің де шалдығуы мүмкін», делінген баспасөз баянында.

Денсаулық министрлігі балалар арасында аурудың алдын алудың бірден-бір тәсілі вакцинация болып табылатынын да ескертеді. «Вакциналаудан бас тарту - індетке бейім адамдардың санын арттырып, ауру ошағының пайда болуына себепкер болуы мүмкін», - делінген баспасөз баянында.