Қазақстанда инфляция дағдарысқа дейінгі деңгейге оралды - Ақышев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда инфляция дағдарысқа дейінгі деңгейге жетті. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті. Мәжілісмендер «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жағдайда макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі факторы Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын және Үкіметтің фискалдық саясатын үйлестіру болып табылады.Сондықтан таяу жылдарға арналған макроэкономикалық өлшемдер бірлесіп пысықталып, Ұлттық банк тарапынан қолдау тапты», - деді ол.

Оның  сөзіне қарағанда, жылдық инфляцияны 8% деңгейге дейін төмендету ішкі бағалардың айырбастау бағамының жаңа өлшемдеріне бейімделу процесінің аяқталғанын білдіреді.

Д. Ақышев «Ұлттық банктің негізгі басымдығы жылдық инфляцияны белгіленген дәлізде 8% шегінде жедел тұрақтандыру болып табылатынын» еске салып, «онсыз инвестициялық белсенділікті қайта бастау және ұлттық валютадағы ресурстар бойынша мөлшерлемелерді төмендету мүмкін емес» екенін атап өтті.

«2016 жылғы қазанның қорытындылары бойынша инфляция 0,6 пайыз, ал жылдың басынан бастап 6,2 пайыз деңгейінде қалыптасты, бұл дағдарысқа дейінгі кезеңнің көпжылдық мәндеріне сәйкес келеді. Ұлттық банк жылдық инфляция бойынша нысаналы бағдарға алдағы 3-4 айда жетуді мүмкін деп санайды», - деп мәлімдеді Ұлттық банктің басшысы.