Елімізде инсульттан болатын өлім 4%-ға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда инсульттан болатын өлім мамандандырылған орталықтар желісін кеңейтудің және профилактиканың жаңа стандарттарын енгізудің арқасында 4%-ға төмендеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
– Емделген пациенттердің саны 8,3%-ға, 49 мыңнан 53 мыңға дейін өсті, жүргізілген тромболиздің үлесі 11%-ға өсті, инсульттан болатын өлім 4%-ға төмендеді, - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство алқасының отырысында.
Ведомствоның деректері бойынша, инсульт қанайналым жүйесі (ҚАЖ) ауруларынан болатын өлімнің жалпы құрылымында 32%-ды құрайды.
– Өңірлердегі бас штаттан тыс кардиологтар жетекшілік ететін бейінді ғылыми институттармен тығыз өзара іс-қимылды қамтамасыз ете отырып және олардан жан-жақты әдістемелік қолдау ала отырып, үйлестіру және ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты күшейтуі тиіс, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Министр атап өткендей, стационар мен амбулаториялық қызметтің арасындағы кадрлық теңгерімсіздікті жою қажет, онда жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарды анықтау және басқару бойынша негізгі жүктеме қалыптасады.
Қазақстанда нормативтік қажеттілікті толығымен жабатын 85 инсульт орталығы – 250 мың тұрғынға бір орталық жұмыс істейді. Цереброваскулярлық бұзылыстарды ерте анықтау үшін скрининг енгізіліп, инсульт әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне енгізілді. Инсульттан кейін пациенттерді диспансерлік есепке қою мерзімі 30-дан 15 күнге дейін қысқартылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін елде инсульт пен обырды ерте анықтауға арналған ЖИ-сервистер кеңейтілетінін жазғанбыз.