Қазақстанда интернет сауданың дамуына не кедергі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның интернет бизнесі мен мобильді коммерциясы қауымдастығының президенті Константин Горожанкин ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелесе отырып, еліміздегі интернет сауданың дамуына кедергі екі негізгі факторды атады.

«Интернет сауданың дамуы үшін екі нəрсені іске асыру керек. Мен бұл мəселелер туралы бұрыннан айтып келемін. Интернет-экономикадағы проблеманың бірі - Қазақстандағы банктердің карточкалары берілген кезден бастап интернет-төлем жүргізу үшін əдетте жабық келеді. Карточкаларды бірден интернет төлем үшін дайын түрінде шығаратын банктер санаулы. Ал, интернет сауда дамыған батыс елдерінде жағдай мүлде басқа. Батыс банктері карточкаларды кез келген төлемге ашық күйінде дайындап шығарады. Егер адам алаңдаса, ондай қызмет түрін өзі алдырып тастайды. Біз бұл мəселені Үкімет деңгейіне шығарып, Ұлттық банкке де хат жолдаған болатынбыз. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, бұл жүйе бізде қалыпты жағдайға айналады деп ойлаймын»,-дейді маман.

Константин Горожанкин интернет бизнестің дамуын аяқтан шалып отырған екінші мәселе - салық, дейді.

«Екінші мəселе, интернет сауданы дамыту үшін салық бойынша біраз жеңілдіктер жасау керек. Себебі, АҚШ пен Қытайда интернет дүкендер салықтан босатылған. Мысалы, АҚШ-та интернет дүкендер саудадан салық төлемейді. Қазақстанда да осы тəжірибені қолдану керек»,-дейді ол.

Сондай-ақ, маман  Қазақстан аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында екенін, сондықтан, интернет дүкендердің барлығы үшін логистика ең маңызды мәселе болып тұрғанын атап өтті.

«Бірақ, бұл кедергілерге қарамастан, интернет сауда  баяу болса да дамып келеді. Қазақстанда интернет экономика бүкіл экономиканың 1,7-2 пайызын құрайды. Бұл өте аз көрсеткіш. Дегенмен, даму бар»,-деді ол.