Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Терроризм, нашақорлық, порнография, зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» барысында Қазақстандық интернет қауымдастығының өкілдері айтты.
Қауымдастық президенті Владимир Төрехановтың айтуынша бұл желінің мақсаты - заңсыз контентке, яғни интернеттегі терроризм, нашақорлық, порнография, зорлық-зомбылықты насихаттайтын өнімдерге қарсы тұру. «Желіге Қазақстандық сайттардағы заңсыз өнімдерді көрген адамдар телефон арқылы да, қазір жасалу үстіндегі www.safekaznet.kz сайты арқылы да хабарлауға болады. Бұл ақпараттар құқық қорғау органдарына хабарланып, құқық бұзушыларға шаралар қолданылады»,- дейді В.Төреханов. Оның айтуынша, бұндай «Жедел желі» әлемнің бірқатар мемлекеттерінде жұмыс істейді. Мысалы: Ресейлік осындай желіге өткен жылы 20 мыңға жуық хабарлама келіп түскен.
«Бүгінде интернет тек ақпарат алмасу, тарату көзі ғана емес қоғамдағы барлық үдерістерді жүзеге асыруға қажетті құралға айналды. Оның ішінде қылмыстық фактілер де артып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан ғана қолдау күтпей қоғам болып ұйымдасу қажет. Бұл ретте «Жедел желі» ұйымдастыру сынды шараларды қолға алу қажет»,- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов. Ол сондай-ақ бұл ретте бірқатар заң актлеріне өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.
В.Төрехановтың айтуынша, «Жедел желіге» интернет бетіндегі порнография, террористік ұйымдарды, терроризмді насихаттау, саяси-экстремистік, сектант діни экстремистік ұйым жұмыстарын насихаттау, есірткі мен қылмысты насихаттау, интернет алаяқтық, адамның ар-намысына қарсы ақпараттарды орналастыру, тарату фактлері бойынша хабарласуға болады.