Қазақстанда интернетті пайдаланушыларды көбейту мақсатында Ұлттық әлеуметтік желі әзірленеді - Ә.Жайлаубаева

None
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазіргі өркениетті әлемде «интернет» терминімен таныс емес адам кемде-кем.Әлемнің көптеген елдеріндегідей Қазақстанда да ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, бүкіләлемдік ғаламторды өмірдің сан саласында пайдаланушылардың қарасы жыл сайын артып келеді.
Интернет әсіресе мемлекеттік органдар мен бизнестік қоғамдастық, қаржы саласы мен бұқаралық ақпарат құралдары жұмысының ажырамас бөлігіне айналды. Дейтұрғанмен елімізде ақпараттық технологиялар саласында шешімі табылуы тиіс мәселелер де әлі болса бар. Айталық қазақстандық контент ұлттық мазмұнға қанық емес. Мысалы, Қазнетте мемлекеттік тілді пайдалану деңгейі әлі де төмен күйінде қалып келеді, шетелдік сегментпен салыстырғанда электрондық кітапханалар жоқтың қасы деуге болады, мультимедиялық контентті былай қойғанда, ғылым және білім беру ресурстары біз күткендегідей деңгейде дамымай отыр. Осы орайда, Қазнет түрлі мақсаттағы мың-мыңдаған шетелдік веб-сайттардың арасында шаң қауып қалмай, бәсекеге қабілетті болуы үшін және миллиондаған қазақстандық аудиторияның назарына ұлттық сипаттағы сапалы һәм толыққанды дүниелерді ұсыну мақсатында Үкіметтің 2008 жылғы сәуірдің 17-сіндегі №358 Қаулысымен Интернет желісіндегі қазақстандық сегменттің бірыңғай ақпараттық кеңістігін құру және дамыту жөніндегі 2008-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген болатын. Еліміздің интернет әлемінде қазір «әлеуметік желі» ұғымы пайда бола бастады. «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқарушы директоры Әсия Жайлаубаеваның айтуынша, еліміздің интернет әлеміне енді-енді ене бастаған әлеуметтік желі ? салыстырмалы түрде біздің еліміз үшін жаңа құбылыс. Алайда әлемдік ауқымда ол өте жақсы дамыған және Батыста да, Таяу Шығыс елдерінде ерекше танымалдылықпен пайдаланылады. Әлемдік дамудың қазіргі кезеңінде жаһандық ақпараттық желі - интернет бүкіләлемдік ақпараттық кеңістіктің ең ауқымды және бұқаралық сегменті болып табылады. Сонымен қатар уақыт озған сайын жаһандық ақпараттық желі ? интернет ақпаратты алуда және алмасуда барынша қол жетімді құрал, сондай-ақ жаппай пайдалануға арналған коммуникация болып отыр. Әртүрлі ақпараттарды, деректерді, интернет желісіндегі мәліметтерді және ғылым-білімді қамтитын желілік ақпараттық ресурстар, яғни веб-сайттар қазақстандық интернеттің негізін қалаушы бөліктер болып табылады. Бүгінде қазақстандық интернеттің ақпараттық ресурстарын контентпен толтыру басыңқы рөл ойнайды. Осы тұста интернеттегі желілік ресурстар жаһандық желі - ғаламторды пайдаланушылар үшін құрылып, жұмыс істеуі тиістігін ұғынған аса маңызды. Қазақстандық интернетте желілік ресурсты құру үдерісі оған кірушілерді, еркін қол жетімді ақпаратты іздеушілерді тарту үшін айқын бағытқа ие болуы тиіс. Қазіргі күнде интернеттің қазақстандық бөлігін пайдаланушылардың саны әрдайым ұлғайып келеді, бұл еліміздегі ақпараттық технологияларды дамытуға және күнделікті өмірде интернетті пайдалану қажеттігін зердеге түюге себепші болуда. Ресми деректер бойынша, деректерді беретін және интернет сегменттері ұялы байланыс пен кабельді теледидар сияқты Қазақстан Республикасындағы телекоммуникациялық нарықтың барынша қарқынды дамып келе жатқан сегменті болып табылады. 2007 жылы осы нарықтағы әлемдік ғаламтор желісіне қол жетімділік пен деректерді беру қызмет көрсету нарығындағы үлестің 64 пайызын құраған. «Алайда, қазақстандық интернетті оның мазмұндық бөлігі ? контентпен толықтыру үдерісінде бірқатар проблемалар туындап отыр. Қатардағы интернет пайдаланушылардың санын арттыру мақсатында қазақстандық контентті толықтыру мәселесі аса маңызды әрі мемлекет тарапынан айрықша назарды қажет етеді. Қазақстандық интернет ресурстардың әлсіздігі, байланыс қызметі мен интернет желісіне қол жетімділік деңгейінің төмендігі күнделікті өмірде ақпараттық технологиялардың нашар пайдаланылуына әкелуде. Осыған байланысты Қазақстанда интернетті белсенді пайдаланушылардың қарасын көбейту мақсатында Ұлттық әлеуметтік желіні әзірлеу жоспарланып отыр» - дейді А.Жайлаубаева. Аталмыш жобаны «Қазконтент» компаниясы жүзеге асыратын болады. Бұл компания Қазақстандағы ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастырып, дамытуға бағытталған отандық өндірістегі интернет жобаларды әзірлеумен, оған қолдау көрсетумен және ілгерілетумен, интернеттің мүмкіндіктерін пайдалануда халықтың мәдениетін жоғарылатумен айналысады. Әлеуметтік желі сапалы ақпараттық кеңістікті қалыптастыру, қазақстандық сегменттегі интернет пайдаланушыларды ынталандыру және халықты қазақстандық контентке толы заманауи ақпараттық кеңістікке тарту жолындағы қарышты қадам болып табылады. Әлеуметтік желі даму құралына айналуды, ұлттық сана-сезімді жаңғыртуды және жергілікті ділге басымдық бере отырып қазақстандық қоғамды жұмылдыруды, сондай-ақ аталмыш ақпараттық кеңістікте отандық бизнестің ұстанымдарын сәтті ілгерілетуді мақсат тұтады.