Қазақстанда инвестициялар көлемі 30-40 пайызға төмендеуі мүмкін - Ә. Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2015 жылдың қорытындылары бойынша инвестициялар көлемі 30-40 пайызға төмендеуі мүмкін.

Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингі барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«Әлемдік экономикада болып жатқан жаһандық шақырулар, әлемдегі инвестицияларға да әсер етеді. Тікелей инвестициялар қауіпсіз нарықтарға ойысып жатыр. Дамыған елдерге ағылуда. Сондықтан дамушы елдерде инвестициялар көлемі кеміп отыр», - деп хабарлады Ә.Исекешев.

Оның сөзіне қарағанда, бұл үдеріс Қазақстанға да кері әсерін тигізді.

«Былтырғы жылғы статистика жоқ, дегенмен инвестициялар бойынша 30-40 төмендеу болады деп болжап отырмыз», - деді министр.

Алайда оның сөзі бойынша, индустрияландыру аясында жасалған жұмыстар оң нәтижелерге әкелді.

«Бізде инвестициялар негізінен мұнай-газ, тау-кен саласында 70 %, құрылыста 50 %-ға төмендеу болды. Өңдеуші салада ахуал тәуір, шамамен 10 пайызды құрады», - деп атап өтті ол.

ҚР ИДМ басшысы мәлім еткеніндей, соңғы жылдары Қазақстан инвестицияларды тарту бағытында қыруар жұмыстар атқарып келеді.

«Бізде барлық деңгейлерде жұмыс жолға қойылған. Бізде ұлттық инвесторлардың көмегімен 150 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, олар Қазақстан үшін жаңа салалар болып табылады», - деді Ә.Исекешев.