Астанада өткен «Азия Даму Банкі» (АДБ) Басқарушылар кеңесінің 47 мәжілісі Қазақстанды шетелдік инвестиция үшін тартымды мемлекет ретінде көрсетудің зор мүмкіндігіне айналды. Мәжіліс аясында ұйымдастырылған халықаралық инвестициялық конференция экономиканың түрлі секторында жұмыс жасайтын әртүрлі компаниялардың Қазақстандағы жобаларға деген ерекше қызығушылығын туғызды. Ол заңды да, себебі елімізде инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалуда.
Айта кету керек, бүгінгі күні мемлекет экономикасы әлемдік дағдарысқа қарамастан, тұрақты өсіп келеді. Айталық, соңғы 12 жылда Қазақстанның нақты ЖІӨ орта есеппен 8 пайызға өсті, жалпы инвестиция 2005 жылдан бастап 180 миллиард доллардан асты. Азия елдерінің Қазақстан экономикасына бағытталған тікелей инвестиция ағымы соңғы 8 жылда 23 миллиард доллардан астам қаржыны құрады (Жапония - 4,2 млрд, Корея - 3 млрд, БАӘ - 1,8 млрд, Түркия - 1,5 млрд). Ал Азия елдеріне қатысты сауда қарым-қатынасына келетін болсақ, 2013 жылы тауар айналымы 37,7 миллиард долларды ( 2012 жылы - 36,5 млрд. доллар) құрады. Жалпы құны 12,3 млрд. долларды құрайтын 40 жоба жүзеге асырылды, тағы да құны 28,4 млрд. болатын 45 жоба қолға алынуда және 25,8 млрд.долларға тең 39 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы ретте Қазақстан инвестициялық ахуалды түбегейлі жақсарту мақсатында жаңа талпыныстар жасауға ниетті. Қазіргі уақытта инвесторлар үшін кедергілерді жоюға, жаңа инвестициялық тетіктер құруға, қолдауға бағытталған ынталандыру жолдары енгізілуде. Олар - «жасыл дәліз» ұстанымы бойынша визалық режимді жеңілдету (ең дамыған елдер азаматтары үшін 90 күнге дейін), инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тарту үрдісін жеңілдету, салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар енгізу. Сондай-ақ қосымша ынталандыру ретінде нысан пайдаға берілгеннен кейін мемлекет тарапынан (инвестициялық субсидия) капиталды шығынның 30 пайызына дейін компенсация төлеу, 10 жылға ҰКС төлемінен босату, мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтер тарапынан инвесторлар қызметі мен тауарына кепілдендірілген ұзақмерзімді тапсырыс беру көзделуде. Қазақстанның инвестиция үшін ең тартымды мемлекет екеніне халықаралық сарапшылар да сенімді. «Азия Даму Банкі» президенті Такехико Накао бүгінгі күні біздің еліміздің ғаламдық нарықта ғаламдық деңгейде салмақты орынға ие екенін айтты. «Сіздер географиялық орналасуларыңызға қарай Азия мен Еуропа арасындағы көпір бола аласыздар. Сондықтан бізде осы мақсатты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым, логистикалық басымдықтарға жол ашатын арнайы бағдарлама бар», - деген еді АДБ басшысы. Бизнес-қауымдастық өкілдері де өздерінің Қазақстанға деген қызығушылықтарын жасырып қалмады. «Toyota Tsusho Corporation» Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Такуя Ичихаши бизнестегі әріптестерін «Toyota» салған жолмен Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. «Біздің болашақ мүмкіндіктеріміз зор. Қазақстан Еуразия кіндігінде орналасқан. Оның айналасында мықты өсу әлеуетіне ие қаншама мемлекеттер бар. Сондықтан біз Қазақстанға инвестиция салу арқылы тұрақты дамуды қамтамасыз ететінімізге толық сенеміз», - деп атап өткен болатын ол. Ал, «Toyota Tsusho Corporation» компаниясы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін инвестициялау арқылы Қазақстанда ұзақ уақыт жұмыс жасауға дайын. Басқа да шетелдік компаниялар өз ниеттерін ашық білдірді. Оған инвестициялық жобалар көрмесінде келіссөздер толқынының бір сағатқа да толастамауы дәлел бола алады. Шетелдік инвесторлардың қызығушылығы тау-кен, металлургиялық кешеннен мұнай-газ саласына және аграрлық секторға дейінгі кеңістікті қамтыды. Инвесторлар қазақстандық нарыққа шығып, бірлескен кәсіпорындарды дамытуға, өз мүмкіндіктерін кеңейтуге дайын екендіктерін жеткізді.