***
Ер жасы елудің белесіне енді ғана шыққан Дәулет Тұрлыхановтың өмірдегі, спорттағы жолын қыран самғауына баласақ бек жарасар еді. Халқымыздың аймаңдай ұлы - ХХ ғасырда қатарынан үш Олимпиадада олжа салған жалғыз қазақ спортшысы. Грек-рим күресінен жеті жыл бойы ешкімді бет қаратпай жеңіп, қатарынан жеті рет КСРО чемпионы атағын қанжығасына байлаған баһадүр балуан. Он жылдан астам Кеңес Одағы сияқты ұлан-байтақ елдің құрамасында болуы нағыз Қажымұқан атасына тартып туған тарландығын танытар-ды. Онымен қоймай әлем чемпионы, бірнеше дүркін Еуропа чемпионы, екі мәрте Әлем кубогының жеңімпазы, Азия ойындарының чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы болған саңлақ сайыпқыран. Осы даңқты палуанмен арадағы сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Дүниедегі ең жақсы қасиеттер өз халқымның бойынан табылса деймін» деген тақырыппен берілген.
«Қазмедиа орталығы» ғимаратында Орталық коммуникациялар қызметінің шақыруымен Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Мұхтар Тінікеев брифинг өткізді. Брифингте айтылған негізгі мәселе - Мемлеке басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың11 қазанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында міндеттеген тапсырмаларының орындалу барысы болды. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Таяқ лақтырсаң, экономист пен заңгерге тиеді» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылымның жазуынша, журналистермен жүздесуде депутат Елбасы сын тезіне салған фактілерге тоқтала келіп, жыл сайын республика жүзінде орын алатын жобалардың қымбаттауына байланысты қосымша қаржыдан 60 млрд. теңге жұмсалатынын алға тартты. «Және, өкінішке қарай, ол сома жыл сайын артып отырғанына қынжылысын білдірген депутат: Жобалардың қымбаттауы пара алу есебінен болып отыр. Бұл ешкім үшін де құпия емес, - деді. - Біз егер де ел бюджетін 3 жылдық етіп бекітсек, неге тендерлерді де сол мерзімде бір рет өтетін етпейміз. Сонда тендерге қатысушы өзінің 3 жыл бойына атқаратын жұмысы барлығына сенімді болар еді және банктер де оларға несие беруге құлық танытар еді».
***
«Қазіргі уақытта ел тұрғындары үшін жылжымайтын мүлік (пәтер немесе тұрғын үй) сатып алу мақсатында ипотекалық кредит алу күннен-күнге қиындап барады. Сонда Қазақстан банктері ипотекалық дағдарысқа ұшырай бастағаны ма, қалай?» - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуына қарағанда, бұған ең алдымен, банктердің тұрғындарға ипотекалық несие беруден бас тартуы үлкен кедергі келтіріп отыр. Тіпті кейбір банктер ипотекалық несиені берудің шарттарын анағұрылым қиындатып жіберді. Мысалы, несие беру жағынан халықтың көңілінен шығып жүрген банктің бірі - «Қазкоммерцбанк» басшылары үстіміздегі жылғы қараша айынан бастап ипотекалық несие беруді үзілді-кесілді тоқтатты. Банк сарапшыларының пікірінше, көп көлемде-гі қаржыны ұзақ мерзімге - 20 жылға қарызға беру банк үшін тіпті де тиімді болмай отыр. Мақала «Қазақстанда ипотека дағдарысы басталды ма?» деген тақырыппен берілген.
Қазақстанда тек биылғы жылы ғана этносаралық қатынастарды және халықтар арасындағы татулықты ақпарат құралдарында жариялауға мемлекет 174 миллион теңге жұмсады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Төзімділік және БАҚ» атты тақырыптағы Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық медиафорумы барысында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда бұл ақпараттық жұмысқа жетекші ақпараттық құралдар - барлығы жүзден астам телеарналар мен радиостансалар, газеттер мен интернет сайттар тартылған. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Ұлттар татулығын насихаттауға қанша жұмсалады?» деген тақырыптағы мақалада жазылған. «Кез келген елдің мемлекеттік саясатында ақпарат құралдарының орны ерекше, - деді ақпарат құралдарына қайырылған Президент әкімшілігі басшысының орынбасары.- Осыны сезіне білу, соған сәйкес жауапты жұмыс істеу маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан ел бірлігі мен қоғамдық келісімді өз саясатының тірегі етіп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Мемлекет басшысы «көпұлттылық елдің кемшілігі емес, артықшылығы» екендігін тұжырымдады, оны барша Қазақстан халқы өткен 22 жылда ісімен дәлелдей білді. Біз бейбіт жерде, бірлік болғанда ғана баянды тірлік болатынын дүниеге паш еттік. Былтыр Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария етті. «Стратегияның рухани өзегі - жаңа қазақстандық патриотизм. Тиісінше, оның мызғымас тұғыры - көпұлттық қоғамдағы тең мүмкіндіктер. Бұл ұстаным Қазақстандағы тұрақтылық пен татулыққа берік негіз болып келеді».