Ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі өзгере ме - сарапшылар пікірі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жаңа Салық кодексінің жобасына сәйкес, елдегі банктерге корпоративтік табыс салығын 25 пайызға дейін көтеру ұсынылып отыр. Бұл ипотека құнына қалай әсер етеді? Kazinform тілшісі осы мәселе бойынша сарапшыларға жүгінді.
Баспана бағасына қатысты болжамдар қандай?
Еліміздегі барлық ипотеканың 50 пайызға жуығы «Отбасы банкі» арқылы берілсе, қалғаны екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асады.
— Ипотека мөлшерлемесінің ықтимал өсуіне келетін болсақ, «Отбасы банкі» ұсынатын нарықтың жартысы тұрақты аймақта қалуы әбден мүмкін. Мен бұл сегментте пайыздық мөлшерлеменің өсуіне ешқандай алғышарттарды көріп тұрған жоқпын. Мемлекет нарықтық және субсидияланатын мөлшерлемелер арасындағы айырмашылықты өтейді және банктің барлық бағдарламалары құны 30-35 млн теңгеге дейінгі қолжетімді баспанаға бағытталған, — дейді Arbat Real Estate жылжымайтын мүлік агенттігінің басқарушы директоры Виталий Шалаев.
Коммерциялық банктерге келер болсақ, сарапшы жағдай әрбір қаржы институтының ішкі саясатына байланысты болатынын айтады.
— Қазір орташа көрсеткіш 20–21 пайызды көрсетіп отыр, тіпті 1,5–2 пайыздық тармаққа өссе де нарыққа айтарлықтай қауіп төндірмейді. Мұндай банктердің клиенттері — әдетте тұрақты табысы бар қарыз алушылар, сондықтан жүктеменің шамалы өсуі олардың төлем қабілетіне әсер етпейді, — дейді ол.
Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Жани Тұрысов 2025 жылы баспана бағасы 10 пайызға дейін көтерілуі мүмкін деп санайды. Ол мұны инфляциямен, мұнай бағасының төмендеуімен және құрылыс құнының жалпы өсуімен байланыстырып отыр.
— Корпоративтік табыс салығы көтерілуінің банктерге тигізетін әсеріне келсек, менің ойымша, тұтынушы күрт өзгерістерді байқамайды. Әрбір банк ішкі стратегияларға сәйкес өз қарқынымен бейімделеді, — деді сарапшы.
Жылжымайтын мүлік нарығы құлдырауы мүмкін бе?
Виталий Шалаевтың айтуынша, ауытқуларға қарамастан жылжымайтын мүлік нарығы қалыпты белсенділікті сақтап отыр.
— 2025 жылдың бірінші тоқсанында сатылым 20-30 пайызға төмендеген. Дегенмен, бұл маусымдық құлдырауға байланысты — қаңтар дәстүрлі түрде әлсіз ай. 2024 жылдың басымен салыстырғанда сұраныс айтарлықтай өскен жоқ. Мұның себебі инфляция фонында сатып алу қабілетінің төмендеуі және қызметтер мен өнімдер бағасының өсуі болып қала береді, — дейді маман.
Ол сондай-ақ мынадай статистиканы келтірді: үш жыл ішінде «Отбасы банктің» ипотекалық несие нарығындағы үлесі 66%-дан 53%-ға дейін төмендеген. Бұл халықтың басым бөлігінің қаржылық мүмкіндіктерінің азайғанын көрсетеді.
Виталий Шалаевтың болжауынша, 2025 жылдың соңына қарай нарық өткен жылмен салыстырғанда шамамен 5%-ға өседі. «Отбаса банк» қатысатын сегмент қолжетімді мөлшерлеме және үнемді тұрғын үйге бағытталғандықтан тұрақты болады.
— Дегенмен, екінші деңгейлі банктерде белсенділік 5-10%-ға төмендеуі мүмкін, — дейді ол.
Сарапшы Жани Тұрысовтың сөзінше, салық ауыртпалығы артқанның өзінде Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығы тоқырауға ұшырамайды. Оның айтуынша, қазіргі нарық 30 жыл бұрынғыдан алшақ: ол жетілген, тұрақты және құрылымды болды.
— Қазір салада жүйелі құрылыс салушылар жұмыс істейді, бәсекеге қабілетті ипотекалық өнімдері бар дамыған банктік инфрақұрылым бар. Сонымен қатар, урбанизация сұранысты қолдауды жалғастырып жатыр, — деп атап өтті Тұрысов.
Сондай-ақ сарапшы Қазақстанның тұрғын үй нарығы жалпы алғанда, әсіресе білімді және белсенді халық үшін қолжетімді болып қала беретінін атап өтті.
— Жылжымайтын мүлік сатып алу әлемнің кез келген елінде күрделі мәселе. Мен АҚШ немесе Еуропа нарығын идеализацияламас едім. Қазақстанда баспана алғысы келетіндердің әлі де мүмкіндігі бар. Мен халықтың осал топтарына көңіл бөлуге шақырар едім, — дейді спикер.
Виталий Шалаев бұл пікірді қолдап, «Отбасы банкінің» қолжетімді несие берудегі рөлін ерекше атап өтті.
— Арнайы бағдарламалардың арқасында 20-25 млн теңге несиенің ай сайынғы төлемі — 170-260 мың теңге. Бұл — отбасы үшін айтарлықтай ауыртпалық, бірақ қолжетімді бірнеше нұсқаның бірі болып қала береді, — дейді ол.
Еске салайық, Мәжіліс Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.