Бұл бүгін Алматыда «Бисмиллях: Исламмен танысу» деп ат алатын DVD дискі үлгісіндегі мультимедиялық басылымның тұсаукесерінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл жобаның идеясы 2008 жылы туған болатын. Оны бес айда жасап, бес айда жүзеге асырдық. Оған әртүрлі саладағы: дінтанушы-теологтар, филологтар, аудармашылар, дизайнер, бағдарлама жасаушылар мен бейнеинженерлерден тұратын 20 маман қатысты. Олардың бәрі осы іске ақша үшін емес, Алла ризашылығы үшін атсалысқан дін жолында жүрген мұсылмандар», дейді жоба авторы және жетекшісі Аманжол Темірбек. Ал жобаның бас ғылыми кеңесшісі Алмат Сапарбаевтың айтуынша, бұл шара Әділет министрлігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының қолдауымен іске асырылып отыр. Жалпы бұқараға арналған ақпараттық-танымдық сипаттағы бұл басылымда Исламның 5 қағидасы мен діннің алты қағидасы жан-жақты көрініс тапқан. Әрбір бөлімнің мәтінді, дыбысты және бейне түсініктемесі мен намаз оқудың 3D пішіндегі техникалық сипаттамасы бар. Сонымен қатар Құранның мазмұндық аудармасы, Қадистер топтамасы, дін негіздері туралы еңбектер мен Пайғамбардың өмірі туралы жазылған материалдар топтастырылған. Нақтырақ айтқанда 2,5 сағаттық бейне файлдар, 34 сағаттық дыбыс фрагменттері, 5 кітап пен 100 шақты ғылыми мақала бар. Мультимедиялық бұл жоба жұртшылыққа DVD дискі пішінінде ғана емес, интернет портал www.bismillah.kz ретінде де ұсынылып отыр.