Қазақстанда ІТ саласында 900 мың жаңа жұмыс орны ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев елордадағы Оқушылар сарайында 9-11-сынып оқушыларымен кездесіп, еңбек нарығындағы өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Таңдайтын мамандығымыз біздің өмірлік жолымызды айқындап береді. Бұл таңдау әлбетте өте оңай емес. Өздеріңіз байқап отырғандай, әлемдік тенденция қазір өзгеріп, барлық мамандықтар, еңбек нарығы толассыз өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Бұрын мызғымастай көрінген мамандықтардың қазір кейбірі тіпті жойылып кетті. Сонымен қатар, бұрын болмаған жаңа мамандықтар пайда бола бастады. Бәлкім өздеріңіз білетін боларсыздар, мәселен мұржа тазалаушы деген мамандықты сіздер қазір тек ертегілерден ғана кездестірулеріңіз мүмкін. Технологияның қалай өзгеріп келе жатқанын да көріп отырсыздар. Біз қазір бұрын ешқашан естімеген смартфондарды ұстап жүрміз», - дейді ол.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, жақында ғана жаңалықтардан АҚШ-тың Бостон қаласында толық түрде роботтандырылған мейрамхана ашылғаны хабарланған.

«Ол жерде даяшы да, аспаздар да жұмыс істемейді. Елестетіп көріңіз. Ашылғанына аз уақыт болса да онда келіп тамақтанғысы келетіндердің кезегі ұзын сонар. Демек, қазір ол әлем үшін жаңалық болып отырған шығар. Алайда 2-3 жылдан кейін мұндай мейрамханалар тіптен көп ашылуы мүмкін. Бірнеше жыл бұрын ғана заңгер мамандығына бәрі оқығысы келетін. Ал қазір кейбір салаларда олардың қажеттілігі болғанымен, ресейлік Сбербанк толығымен корпоративтік заңгерлерден бас тартты. Өйткені, қазір ол банкте кез келген нормативті-құқықтық құжатты айна-қатесіз заңгерлерден тез тауып бере алатын компьютерлік бағдарлама жұмыс істеп тұр», - дейді ол.
 

Әлтаевтың айтуынша, жаһандық цифрландыру саласында ІТ-саласындағы мамандықтарға сұраныс жоғары болады.

«Көліктік, логистикалық, туризм саласында жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. ІТ-технологияларға байланысты да жағдай сондай болмақ. Қазақстанда қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы себепті осы салада ашылатын жұмыс орындарының саны көп болмақ. Біздің есептеуімізше, 2025 жылы дәл осы салаларда 900 мың жұмыс орыны ашылады. Бұл ваканцияларға қысқартылған мамандықтардың иелерін жұмысқа тұрғызуға болады. Міне, осы ваканциялар сіздерді күтіп тұр», - деді Әлтаев өз сөзінде.