Қазақстанда кәдеге жарату бағдарламасы қалай жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда автопаркті жаңарту және ескі көліктерді кәдеге жарату жұмыстары жүріп жатыр. Алайда тұрғындар арасында көлікті өткізу тәртібі, бағдарламаға қатысу талаптары мен қарастырылған өтемақыға қатысты сұрақтар жиі туындайды. Осыған байланысты Kazinform агенттігінің тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдап, бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін анықтады.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Кәдеге жарату жүйесі қалай жұмыс істейді

Министрліктің мәліметінше, бұған дейін көлік құралдарын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу жұмыстарын жеке оператор жүргізген. Кейін өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері жүйесі өзгеріп, оператор қызметі «Жасыл даму» АҚ-ға берілді. Осыдан кейін бағдарлама жаңартылған тәртіппен қайта іске қосылды.

Қара металды қайта өңдеумен айналысатын барлық кәсіпкерлік субъектілері бұл жұмысқа қатыса алады. Мұндай тәсіл нарықтағы бәсекелестікті сақтауға және қызметтің бір ұйымның қолына шоғырлануына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар экологиялық және санитарлық талаптарға сай барлық рұқсат құжаттарын алуы тиіс. Олардың қызметі мемлекеттік бақылауда болады.

Көлікті өткізу тәртібі қандай

Көлікті кәдеге жарату екі кезеңнен тұрады. Алдымен қайта өңдеуші ұйыммен келісім жасалып, кейін көлік құралын өткізуге өтінім беріледі.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Құжат тапсыру тәртібі, көлікке қойылатын талаптар және оны жеткізу шарттары арнайы ережелермен бекітілген. 

Қажетті құжаттар тізімі көлік түріне қарай өзгереді және тиісті нормативтік құжаттардың қосымшаларында көрсетілген.
Қабылданған көлік қайта өңдеуге жіберіледі. Оның құрамынан қайта пайдалануға жарамды материалдар мен бөлшектер алынады. Экологиялық талапқа сәйкес өңдеуге келмейтін қалдықтардың көлемі техника салмағының 5%-ынан аспауы тиіс.

Қандай техника қабылданады және қандай жеңілдіктер бар

Бағдарлама жеңіл және жүк көліктерін, автобустарды, сондай-ақ өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын қамтиды.

Министрліктің мәліметінше, техника жасына қатысты нақты шектеу жоқ. Негізгі талап – көліктің белгіленген талаптарға сай болуы және қабылдау ережелерінің сақталуы.

Бағдарламаға қатысушыларға Қазақстанда өндірілген экологиялық таза көлік немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдік сертификаты беріледі.

Сертификат бір жыл бойы жарамды. Оны басқа адамға үш ретке дейін беруге болады. Сондай-ақ белгіленген шек аясында бірнеше сертификатты қатар пайдалануға рұқсат етіледі.

Жеңілдік мөлшерін индустриялық дамуды мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Бағдарлама аясында қанша техника қабылданды

Министрліктің дерегіне сәйкес, жеке оператор жұмыс істеген кезеңде, яғни 2016 жылдан 2022 жылдың қаңтарына дейін кәдеге жаратуға 218 мыңнан астам техника қабылданған.

Оның ішінде 215 мыңнан астамы автокөлік болса, 3,5 мыңнан астамы ауыл шаруашылығы техникасы болған.
Қазір қайта өңдеуші кәсіпорындарды іріктеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін қабылдау пунктерінің жаңартылған тізімі оператордың ресми интернет-ресурсында жарияланады.

Экология министрлігінің мәліметінше, кәдеге жарату жүйесі алдағы уақытта жинақталған тәжірибе мен нарық қатысушыларының ұсыныстары негізінде жетілдіріледі. Бағдарлама экологиялық стандарттарды дамытуға және тұрғындар үшін қолжетімділікті арттыруға бағытталған.

Бұған дейін Kazinform агенттігі қазақстандықтардың неліктен ескі автокөліктерін кәдеге жарата алмай жүргені туралы жазған еді.