Бұл туралы Қорғаныс министрлігі жанындағы Қару-жарақтардың қысқартылуын бақылау және инспекциялық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың бастығы полковник Амангелді Әубәкіров Алматыда өтіп жатқан семинарда мәлім етті. Аталмыш семинар кәдімгі оқ-дәрілер саласындағы үздік тәжірибелер жөніндегі ЕҚЫҰ басшылығының жинағын қолдану мәселесіне арналып отыр.
«Қазақстан, ЕҚЫҰ-мен бірлесе отырып, ҚР Қарулы күштерінде пайдаланылмайтын және артық оқ-дәрілерді жою жолымен кәдімгі оқ-дәрілердің қорларын сақтау нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын 2004 жылдан бері жүргізіп келеді. Арыс қаласында оқ-дәрілерді бақылау зертханасының жұмысын жандандыру жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде, жұмыс тобының аясында, аталмыш жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы келісім әзірленуде. Осы бағытта аймақтық деңгейде де белсенді жұмыстар жүргізілуде», - деді А.Әубәкіров.
«Бүгін жүргізіліп отырған шара, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының аясында үлкен маңызға ие, себебі әскери-саяси өлшемдер ұйымның жұмысында маңызды роль ойнайды. ЕҚЫҰ жаппай қауіпсіздік мәселелерінің орындалуын қамтамасыз ететін және барлық негізгі мүдделі тараптардың саяси еріктері мен ресурстарына арқа сүйеу мүмкіндігіне ие халықаралық еуропалық құрылымның бірі болып табылады», деп атап көрсетті полковник өз сөзінде.