Қазақстанда қала құрылысы кадастрының 20% дерегі цифрландырылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала құрылысы кадастрының деректерін цифрландыру ел бойынша 20 пайызды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында мемлекеттік қала құрылысы кадастрын цифрлау жөнінде баяндаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көпшілік өңірлерде инженерлік коммуникациялар туралы деректерді табиғи монополиялар субъектілері әртүрлі форматтарда қағаз жүзінде координаттар жүйелеріне байланыссыз жүргізеді. Облыс орталықтарын қоспағанда елді мекендердің қала құрылысы кадастры іс жүзінде құрылмаған. Әкімдіктер ұсынған мәліметтер бойынша қала құрылысы кадастрының деректерін цифрландыру деңгейі бүкіл ел бойынша орташа есеппен 20 пайызды құрайды», - деді министр.

Оның дерегінше, барлық елді мекендердің инженерлік желілері мен коммуникациялары Қызылорда облысы мен Астана қаласында 100 пайыз, Алматы қаласында таулы жерді қоспағанда 80 пайыз цифрландырылған.

«Әкімдіктердің деректері бойынша  қала құрылысы кадастрының цифрлық деректері Қарағанды және Талдықорған қалаларында 100, Орал қаласында 95, Атырау қаласында 80, Көкшетау қаласында 46, Шымкент қаласында 32 және Павлодар қаласында 11 қалыптастырылды. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарында бір де бес жүз масштабты кадастрдың цифрлық деректері іс жүзінде жоқ», - деді Жеңіс Қасымбек.