Қазақстанда қалқанша безінің қатерлі ісігін қауіпсіз емдеудің жаңа тәсілі енгізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде қалқанша безінің қатерлі ісігін қауіпсіз әрі тиімді жолы енгізілді деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығында қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеудің бірегей, тиімді және қауіпсіз әдісі енгізілді.

Қазақстанда аталған емдеу әдісі алғаш қолға алынып отыр. Өз кезегінде сарапшылар қазақстандықтар ендігі уақытта шетелге бармай, елде емделу мүмкіндігі туғанын алға тартты.

Одан бөлек, мамандардың мәлімдеуінше, жаңа технология мемлекет қаржысын үнемдеп, оны медицинаның басқа да бағыттарына жұмсауға мүмкіндік береді.

Хабарламада айтылғандай, жаңа әдістің бірегейлігі натрий иодиді I-131 шығаратын бета бөлшектер тіндерге тек 2 мм ғана әсер етеді. Радиацияның бұл түрі басқа органдарға қауіпті емес. Радиоактивті йодтың тек қалқанша безінің жасушаларына әсер етуі радиойодтерапияның негізін құрайды және оның ерекше тиімділігін анықтайды.

«ШҚО қатерлі ісіктермен сырқаттанушылар саны бойынша алдыңғы орындардағы аймақ. 18 мыңнан астам пациент есепте тұр. Қазақстанда жыл сайын қалқанша безінің қатерлі ісігімен ауыратын 600-ге жуық науқас радиойодтерапия жүргізуді қажет етеді. Мұндай орталықтың ашылуы еліміздің барлық онкологиялық қызметі үшін өте маңызды оқиға. Бізде радиойодтерапия әдісі алғаш рет қолданылады, емдеу Халықаралық хаттама бойынша жүргізіледі», - деді «Қазақ онкология және радиология» АҚ басқарма төрағасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы Диляра Қайдарова.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов осыдан 4 жыл бұрын ШҚО-да денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасын қабылданғанын айтты. Осы уақыт аралығында барлық медициналық жабдықтарға аудит жүргізілген.

Сонымен қатар, «Ана мен бала», «Онкология», «Кардиология» және «Травмотология» бағыттары бойынша медициналық техникамен жабдықтауды орташа халықаралық деңгейге шығару міндеті қойылған.