Қазақстанда қалыптасқан полиэтникалық қоғамда этникалық БАҚ рөлі аса маңызды - Р. Ким

None
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда қалыптасқан полиэтникалық қоғамда этникалық БАҚ рөлі аса маңызды. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Төзімділік және БАҚ» атты халықаралық медиафорумында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Роман Ким мәлім етті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 18 жылдық тарихында біздің еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінің ең белсенді қатысушы институтына айналды. Оның жұмысының аса маңызды қырларының бірі - мемлекетіміздегі ұлтаралық саясатты дұрыс әрі терең көрсету, жұртшылықпен осы бағыттағы жұмысты жандандыру, этномәдени бағыттағы медиакеңістікке белсенді араласу болып табылады. Бұл бағытта этникалық бұқаралық ақпарат құралдары да басты рөл атқарады», - дейді Р. Ким.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекет жүзеге асырып отырған тиімді ұлттық саясаттың нәтижесінде 37 республикалық және өңірлік деңгейдегі этникалық-БАҚ қызмет етіп келеді. «Қазақстан қалыптастырған полиэтникалық қоғамда бұлардың рөлін бағаламауға болмайды. Ұлттық БАҚ тек қана ішкіэтникалық құндылықтар рөлін атқарып қана қоймай, осы бағыттағы ақпараттық кеңістіктің толыққанды қатысушылары болып табылады. Сондықтан да, олар заманауи медианарықтың барлық талаптарына сай болып, бәсекелестікке берік болуы шарт», - деді депутат.