Қазақстанда қалыптасқан жағдай тұрақты - Қоғамдық қор президенті

/strong>Сәуірдің 26-ы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - 2010 жылдың наурыз айында жүргізілген әлеуметтік зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі Қазақстанда қалыптасқан жағдайды тұрақты деп бағалайды.

Бұл жайында бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Г.Илеуованың айтуынша, елдегі жағдайды түсініксіз және тұрақсыз деп санайтындардың үлесі 2009 жылдың наурыз айымен салыстырғанда 51-ден 26 пайызға азайған.

«Респонденттердің елдегі экономикалық жағдайды және өзінің материалдық жағдайын бағалауы орта есеппен 10 пайызға жақсарды. Нақтылап айтсақ, отбасы мен мемлекеттің экономикалық жай-күйі жақсы деп есептейтіндер үлесі 30 пайызды құраса, 60-ы бұл көрсеткіштерге орташа деген баға береген. Халықтың 10 пайызы елдегі экономикалық жағдайы мен өз отбасының материалдық ақуалын нашар деп бағалайды», дейді қордың президенті.

Сондай-ақ ол жүргізілген сауалнама бойынша респонденттердің 49 пайызы бір жылдан соң отбасының материалдық жағдайы жақсы жаққа өзгереді деп болжайтындығын, 35 пайызы өз өмірінде еш өзгеріс күтпейтіндігін айтады.

Сонымен бірге ҚР Президентінің қызметі соңғы жыл ішінде өте жоғары бағаға ие болғандығын жеткізді. «Премьер-министр мен Парламенттің жұмысына көңілі толатындардың үлесі 64 пен 61 пайызды құрап отыр. «Нұр Отан» партиясының қызметін қазіргі күні респонденттердің 67 пайызы оң бағалайды», дейді Г.Илеуова.