Қазақстанда қан тапсыру көрсеткiшi жылына 280 мың адамнан асты

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда донация көрсеткiшi жылына 280 мың адамнан асты.

Бұл туралы бүгiн Астанадағы "Қан орталығында" Дүниежүзiлiк донорлар күнiне арналған шарада Республикалық трансфузиология ғылыми-өндiрiстiк орталығы директорының орынбасары Шайжамал Мұсабекова мәлім етті.

"Қазақстанда жалпы донация көрсеткiшi жылына 280 мыңнан асты, оның iшiнде 57 пайызы тегiн донорлық, қалғаны туыс-туғандардың қан тапсыруынан болды. Бүгiнгi таңда дүниежүзi бойынша тегiн донорлықтың ғана болуына талпыныс жасалуда", - дейдi ол.

"Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметтерi бойынша, халықты қан компоненттерiмен қамтамасыз ету үшiн 1 мың адамға шаққанда 40-60 донордан келуi керек. Қазақстанда бүгiнгi ақпарат бойынша, 1 мың адамға 17-18 донордан келедi. Астана көлемiнде алатын болсақ, мың адамға 50 донордан. Яғни Астана бойынша бiзде донорлықтан қиындық жоқ. Бiрақ бiздiң мақсатымыз - республикалық көрсеткiштердi ДСҰ деңгейiне жеткiзу, сол кезде бiзде қан компоненттерiне тапшылық болмайды", - деп түйдi сөзiн ол.

Салтанатты шара барысында 10 және одан көп қан тапсырған донорлар марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.