Қазақстанда қандай жаңа көліктер шығарылады

АСТАНА. KAZINFORM – Машина жасау саласындағы өсім Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тың серпін беріп отыр. Машина жасаушылар күніне орай Kazinform тілшісі саладағы негізгі өзгерістерге назар аударды.

Фото: Kazinform / ЖИ

Өндіріс 22 пайызға өсті

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1%-ға өсті. Экономикадағы оң динамика өңдеу өнеркәсібінен де байқалып, өндіріс көлемі 9%-ға, ал машина жасау саласы 22%-ға артты.

Бұл көрсеткіш машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі қарқыны жоғары бағыттардың біріне айналғанын көрсетеді. Өндірістің ұлғаюы отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті қамту үлесін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға жол ашып отыр. Сонымен қатар жаңа өндірістердің іске қосылуы білікті жұмысшылар мен инженерлерге деген сұранысты күшейтті.

Ұрпақтар сабақтастығы: маманнан тәлімгерге дейін

Мұндай өсім жағдайында өндірістің жұмысшы мамандығынан басқару деңгейіне дейін көтерілген кадрлардың тәжірибесі ерекше мәнге ие. Соның бір мысалы – Renaissance SHIK серіктестігінің өндіріс директоры Виталий Чернышев. Ол еңбек жолын жұмысшыдан бастаған. Кейін слесарь, дәнекерлеуші, бригадир қызметтерін атқарып, биыл өндіріс директоры болып тағайындалды.

– Бұл жол жұмысшы мамандығы кәсіби және мансаптық өсудің жақсы бастауы бола алатынын көрсетеді, – деді Виталий Чернышев.

Фото: Қазақстан машина жасаушыларының одағы

Жұмыс барысында жинаған тәжірибесі Виталийді жас мамандарды даярлауға да жетеледі. Бригадир кезінде ол жаңа дәнекерлеушілерге бағыт-бағдар беріп, қажетті дағдыларды меңгеруіне көмектесті.

– Өндірісте маған ұнайтыны – мұнда өз жұмысыңның нақты нәтижесін үнемі көріп отырасың. Сен жай ғана тапсырманы орындамайсың. Кейін кәсіпорында немесе өнеркәсіптік нысанда пайдаланылатын нақты өнім жасайсың. Бұл ерекше жауапкершілік пен мақтаныш сезімін сыйлайды, – дейді ол.

Виталий Чернышев кәсіби өсімнің тағы бір маңызды шарты – білімді үнемі жетілдіру екенін атап өтті.

– Өндіріс үнемі өзгеріп отырады, сондықтан мұнда дамуды тоқтатуға болмайды. Жаңа жабдықтар, технологиялар, міндеттер пайда болады. Сондықтан маман үнемі білімін жетілдіріп отыруы керек, – дейді.

Өндірісте тәжірибесін бөлісіп жүрген мамандардың тағы бірі – KARLSKRONA LC AB зауытының жоғары санатты токарі Александр Черных. Оның жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асады, оның 15 жылға жуығы осы кәсіпорында өткен.

Осы уақыт ішінде Александр мұнай-газ, атом және энергетика салаларына арналған жабдықтардың құрамына кіретін мыңдаған бөлшек дайындады. Токарь мамандығына қызығушылығы да металл дайындамадан бөлшектің жасалу үдерісіне деген қызығушылықтан басталған.

– Токарьлық істе ерекше бір әдемілік бар, мұнда металмен, сызбамен, өлшемдермен жұмыс істейсің, ал түпкі нәтиже сенің қолыңнан шығады, – деді Александр Черных.

Фото: Қазақстан машина жасаушыларының одағы

Тәжірибелі маман токарь кәсібінде дәлдік пен жауапкершіліктің айрықша маңызды екеніне тоқталды.

– Мұнда асығуға немесе жұмысқа үстірт қарауға болмайды. Әр миллиметр маңызды. Бұл – инженерлік ойлау, жауапкершілік және еңбекке құрметті қажет ететін кәсіп, – деді спикер.

Бүгінде Александр Черных өндірістегі жұмысымен қатар, жас мамандарды оқытып, тәжірибесін бөлісіп жүр. Осылайша оның көпжылдық кәсіби білімі жаңа кадрларды даярлау үдерісіне қызмет етіп келеді.

Тәжірибелі мамандардың еңбек жолы тәлімгердің маңызды екенін көрсетеді. Қазір кәсіпорындарда инженер-конструкторлар, технологтер, автоматтандыру мамандары, CNC станоктарының операторлары, құю өндірісінің мамандары мен токарьларға сұраныс бар. Бұл қажеттілікті өтеу үшін техникалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп дуалды оқыту, өндірістік практикалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан Машина жасаушылар одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков өндірісті жаңғыртуда технологиялық жаңарумен қатар, адам капиталына да басымдық беру қажет екенін атап өтті.

– Заманауи өндіріс – жаңа технологиялар мен жабдықтар емес, ең алдымен адамдар. Осындай мамандардың арқасында үздік өндірістік дәстүрлер сақталып, кадрлық резерв қалыптасып, ұрпақтар сабақтастығы қамтамасыз етіледі, – деді Талғат Базарбеков.

Фото: Қазақстан машина жасаушыларының одағы

Cobalt, Tucson, Sportage: қандай көліктер сұраныста

Саладағы өсімнің елеулі бөлігі автокөлік өндірісіне тиесілі. Биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан кәсіпорындары 59 057 жеңіл автомобиль шығарды. Бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңінен 36,8%-ға жоғары. Сонымен қатар 1 967 жүк көлігі, 986 автобус және 177 арнайы техника жасалған.

Инфографика: Kazinform

Бұл өсімге елдегі ірі автокөлік зауыттарының өндіріс қарқыны әсер етіп отыр. Олардың қатарында Allur, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, Hyundai Trans Kazakhstan және Kia Qazaqstan бар. Коммерциялық техника сегментінде де өндіріс ұлғайған. Атап айтқанда, QazTehna көлемін 115,3%-ға, Hyundai Trans Almaty 123,6%-ға арттырса, Daewoo Bus Kazakhstan автобус өндірісін 319%-ға көбейтті.

Инфографика: Kazinform

Өндірістік қуаттың артуы отандық автокөліктердің модельдік қатарын да кеңейтіп келеді. Жыл басындағы дерек бойынша елімізде ең көп шығарылған бес модельдің қатарында Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, Kia Sportage, Hyundai Mufasa және Changan CS55 Plus бар.

Дегенмен өндіріс көлемімен қатар, автомобильдің қандай бөлігі ел ішінде жасалатыны да маңызды. Қазір автокөлік өндірісіндегі орташа жергілікті қамту деңгейі 33%-ға жетті. Отандық кәсіпорындар шина, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер секілді компоненттерді өндіре бастады.

Ендігі міндет – автомобильді Қазақстанда құрастырумен шектелмей, осы өндірістік тізбекті одан әрі тереңдету. Ол үшін болат пен металл өңдеуден бастап аккумулятор, кабель, пластик және басқа да автокомпоненттер өндірісін дамыту қажет. Мұндай тәсіл автомобиль өндірісінің өзге өнеркәсіп салаларымен байланысын күшейтіп, қосылған құнның ел ішінде қалыптасуына мүмкіндік береді.

Алға жоспар қандай?

Өндіріс көлемінің өсуі енді модельдік қатарды кеңейтумен жалғаспақ. Биыл Қазақстанда автомобиль өндірісін 190 мың бірлікке жеткізу жоспарланған. Ал 2028 жылға дейін Li Auto гибридті кроссоверлерін, Omoda және Jaecoo автомобильдерін шығару көзделіп отыр.

Модельдер қатарын толықтырумен бірге өндірісті тереңдетуге бағытталған жобалар да жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында отандық болаттан кузов бөлшектерін шығару, Қазақстанның алғашқы автомобиль брендін қалыптастыру және «Астана» автобустарының жеке брендін іске қосу бар.

Фото: Үкімет

Осы жобалардың бірі – «Астана» автобустарының жеке брендін қалыптастыру. «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, автобустар қытайлық компаниялармен технологиялық әріптестік негізінде әзірленіп, Қазақстандағы зауытта шығарылады.

– Кәсіпорынның негізгі жобаларының бірі – «Астана» деп аталатын автобустардың жеке брендін құру. Бұл автобустар бірегей. Олар әлемнің жетекші өндірушілерінің компоненттерін пайдалана отырып, қытайлық компаниялармен технологиялық әріптестік негізінде әзірленді. Дизайн жасауға біздің инженерлер де қатысты. Автобустар Қазақстан аумағында, өз зауытымызда өндіріледі, – деді Нұрлан Смағұлов.

Өндірістің кеңеюі нарықтағы ұсынысты арттырғанымен, автокөліктің қолжетімділігі мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. 4% мөлшерлемемен жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша ай сайын шамамен 200–250 несие беріліп, кезекте 100 мыңнан астам адам тұр.

Нарықтағы бәсекенің күшеюі кейбір модельдің бағасына да әсер етті. Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Hyundai Tucson және Kia K5 көліктерінің бір жыл ішінде шамамен төрттен бірге арзандағанын айтқан.

– Бізде нарықтық механизмдер жұмыс істейді. Өндірушілер жақсы жеңілдіктер ұсынады, жаңа өндірістер ашылып жатыр, нарық үшін бәсеке жүріп жатыр. Сондықтан автомобиль бағасы төмендеуде. Бұл – көлік сатып алуды қолжетімді етудің бір жолы, – деді министр.

Автокөлік қолжетімділігін арттырумен қатар, өндірістің ішкі базасын күшейтуге де басымдық берілмек. Сонымен бірге мемлекеттік органдар «сұр импорт» тәуекелін азайтып, автокомпоненттер өндірісін жеделдетуді көздейді.

Бұл ретте көлік өндірісіне қажетті материалдарды ел ішінде шығару маңызды. Қарағандылық Qarmet компаниясы автобустар мен жүк көліктеріне арналған арнайы болат маркаларын өндіріп келеді. Келесі кезеңде жеңіл автомобильдерге арналған болат өндірісін жолға қою мүмкіндігі қарастырылуда.

Жалпы, бұл жобалар Қазақстандағы машина жасау дамуының жаңа кезеңге өтіп жатқанын көрсетеді. Ал мұндай технологиялық өзгерістердің тұрақты болуы кадр әлеуетіне тікелей байланысты. Сондықтан тәжірибелі мамандарды өндірісте ұстап қалу, жаңа инженерлер мен жұмысшы кадрларды даярлау саланың ұзақ мерзімді дамуының маңызды шарттарының бірі болып қала береді.