Заңгердің айтуынша, рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексеруден өткізу міндеті автомобильмен тасымалдау қызметін жүзеге асыратын ұйымдар мен кәсіпкерлерге жүктеледі.
Бұған жолаушылар мен багажды тұрақты және тұрақты емес бағыттар бойынша тасымалдау, соның ішінде автобус, шағын автобус және такси қызметі, сондай-ақ жүк тасымалы кіреді. Мұндай талаптар жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларында және автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидаларында көзделген.
— Тасымалдаушы деп жолаушыларды, багажды, жүктерді немесе поштаны ақылы негізде жеткізетін тұлға танылады. Ал компанияның қарапайым жеңіл автокөлігі бұл санатқа жатпайды, — деп түсіндірді Арыс Данагатов.
Демек компанияның негізгі қызметі тасымалмен байланысты болмаса және автокөлік тек қызметтік мақсатта пайдаланылса, көліктің ұйым меншігінде болуы жүргізушіні күн сайын рейс алдындағы медициналық тексеруден өткізуге міндеттемейді.
Сонымен қатар жұмысшылардың мерзімдік медициналық тексеруден өту тәртібі бар. Ол Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен өндірістік орта факторлары мен кәсіптер тізбесіне сәйкес жүргізіледі. Мұндай тексеру жұмысқа қабылданған кезде және одан кейін белгіленген мерзім сайын өткізілуі мүмкін. Алайда оны күнделікті рейс алдындағы медициналық тексерумен шатастырмаған жөн.
Медициналық тексеруден өтпегені үшін қандай айыппұл бар?
Жүргізушіні міндетті рейс алдындағы медициналық тексеруден өткізбей жолға шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қызметіне қатысты қолданылады.
Заңгер келтірген түсіндірмеге сәйкес, айыппұл мөлшері:
- Лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 30 АЕК;
- Орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 40 АЕК;
- Ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін — 50 АЕК.
Сонымен бірге заңгердің айтуынша, тасымалдаумен айналыспайтын компаниялардың қарапайым қызметтік жеңіл автокөліктеріне бұл талапты қолдануға негіз жоқ.
Полиция медтексеру белгісін талап етсе, не істеу керек?
Егер құжаттарды тексеру кезінде полиция қызметкері жүргізушіден рейс алдындағы медициналық тексеруден өткені туралы белгісі бар жол парағын талап етсе, жүргізуші немесе компания өкілі ұйымның негізгі қызмет түрін түсіндіруі керек.
Атап айтқанда компанияның негізгі экономикалық қызмет түрін көрсететін ЭҚЖЖ (ОКЭД) кодтары туралы мәліметті ұсынуға болады. Егер осы түсіндірмеге қарамастан компанияға қатысты әкімшілік хаттама толтырылса, оған шағым түсіруге болады. Заңгердің түсіндіруінше, шағымда рейс алдындағы медициналық тексеруден өту міндеті тек тасымалдаушыларға қатысты екенін көрсету қажет.
Айта кетейік, бұған дейін, Қазақстанның үш тасжолында 9 қарашадан бастап көліктердің орташа жылдамдығын бақылау басталатынын хабарлаған едік.