Қазақстанда қанша қар барысы тіршілік етеді

Фото: Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қар барысы мекендейтін жерлердің 70% – ерекше қорғалатын аумақтар. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.

Елімізде қар барысының негізгі тіршілік ету учаскелерінде 3,6 млн гектар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды.

Атап айтқанда, Іле Алатауы, Көлсай көлдері, Алтынемел, Сайрам-Өгем, Жоңғар Алатауы, Шарын, Тарбағатай, Қатонқарағай, Қаратау және Батыс Алтай аумақтары бар.

– Барыстарды есепке алу және заманауи мониторинг жүргізу әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия белсенді қолданылады. 11 барыс спутниктік арнайы мойын қарғысымен таңбаланды, алдағы уақытта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру жоспарланып отыр, – деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Өткен ғасырда 80-жылдардың басында Қазақстандағы барыстар саны 180-200 деп белгіленсе, 90-шы жылдары 80-100 басқа дейін азайған еді.

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден екі есеге артып, 180-ге дейін жетті. Жануардың бұл түрін сақтап қалу жұмыстары жалғасуда, трансшекаралық және халықаралық ынтымақтастық белсенді дамып келеді, – деді Е. Нысанбаев.

Бұған дейін Ерлан Нысанбаев Қазақстанға Нидерландыдан жеткізілген жолбарыстардың алғашқы қысы қалай өтіп жатқанын айтып берді.

Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынады.