Қазақстанда қанша жаңартылатын энергия объектісі жұмыс істеп тұр

Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы елімізде сағатына 7,581 млрд кВт жаңартылатын энергия өндірілді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлім етті.

- 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы қуаты 3 032 МВт болатын 153 жаңартылатын энергия объектісі жұмыс істеді. Қазір қуаты 3122 МВт болатын 156 объекті жұмыс істеп тұр. Бұл еліміздегі жалпы электр энергиясы өндірісінің 6,4% қамтамасыз етіп отыр, - деді Сұңғат Есімханов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы жаңартылатын энергия көзі объектілерінің жалпы электр энергиясын өндіру көлемі сағатына 7,581 млрд кВт болды, оның ішінде:

• Жел энергетикасы – сағатына 4 513 млрд кВт;

• Күн энергетикасы – сағатына 1 889,6 млрд кВт;

• Гидроэнергетика – сағатына 1 177 млрд кВт;

• Биоэнергетика – сағатына 1,58 млрд кВт.

Одан бөлек, қазір қуаты 2 258 МВт болатын 91 жоба іске асу сатысында тұр:

• 20 жел электр стансасы (1 364,5 МВт);

• 9 күн электр стансасы (282,6 МВт);

• 58 шағын су электр стансасы (591,81 МВт);

• 4 био-энергетикалық жоба (19,25 МВт).

Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қытай Қазақстандағы жаңартылатын энергетика жобаларына қызығушылық танытқанын мәлімдеген еді.