Бұл туралы бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев басқаратын Денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің XV мәжілісінде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.
Оның айтуынша, жұқпалы емес аурулардың 60 пайызында бетін қайтаруға болатын жалпыға бірдей тәуекел факторлары бар. Олардың 7-уі ең қауіпті болып саналады. Олар жоғары артериалды қысым, темекі шегу, алкогольді ішімдіктерді пайдалану, қандағы холестериннің шектен тыс көп болуы, семіздік, жеміс-жидектер мен көкөністерді аз пайдалану және аз қимылдау.
«Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеулер мен скрингтік тексерулер 12 жастан асқан азаматтар арасында темекі шегу әдеті кең тарап отырғандығын көрсетті. Осыған байланысты биыл Денсаулық сақтау министрлігі кешенді түрде жүйелі шаралар қолдануға кірісті. Мысалы, елдегі заңдарға 18 жасқа толмаған азаматтарға темекі сатуға тыйым салынып, темекіні бөлшектеп сатуға рұқсат берілмейтін болды. Сондай-ақ көпшілік орындарда темекі шегуге болмайтын тыйым салынды. Бұған қоса бұқаралық ақпарат құралдары мен көшелерде үгіт-насихат құралдары арқылы темекіні жарнамалауға тыйым салынып, темекі өнімдері акцизінің бағасы қымбаттады», - деді министр.