Ведомствоның мәліметінше, елімізде 1 және 2 типті қант диабеті бойынша жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 308,7-ні құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 313,5 болған.
– Оң динамика эндокринологиялық қызметтің дамуы мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде профилактикалық жұмыстың күшеюі нәтижесінде байқалып отыр, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, өңірлерде эндокриндік ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алумен айналысатын құзырет орталықтары ашылып жатыр.
– Сонымен қатар бейінді бөлімшелердегі төсек қоры кеңейтіліп, диабет мектептері мен мамандандырылған кабинеттер енгізілуде. Бұл қант диабеті және басқа да эндокриндік аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Министрлік дерегіне сәйкес, профилактикалық мақсатта алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына жүгіну үлесі де артқан.
2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш жоспарланған 27 пайыздың орнына 33,4 пайызға жеткен.
Созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылау жүйесін жетілдіру аясында диагностика мен динамикалық бақылау тәсілдері қайта қаралған.
Нәтижесінде инфекциялық емес аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту деңгейі шамамен үш есеге өсіп, 12 пайыздан 34 пайызға дейін жетті.
Сонымен қатар министрлік бірқатар өңірде профилактикалық тексерулермен қамту деңгейінің төмендігі, ауруханаға жатқызуды күту мерзімдерінің ұзақтығы және кейбір нысаналы көрсеткіштердің орындалмауы сияқты мәселелер сақталып отырғанын атап өтті.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге алғашқы медициналық-санитариялық көмектің негізгі көрсеткіштеріне ай сайын мониторинг жүргізуді, профилактикалық жұмысты күшейтуді және созылмалы аурулары бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бақылауды тапсырды.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын 1,5 млн эндоскопиялық зерттеу жүргізіледі.