Бүгін соған орай, Бельгия құрамасының бас бапкері Жорж Лекенс матч алдындағы баспасөз мәслихатын өткізді. Сөзін ең әуелі Қазақстан елордасының әсемдігін және «Астана-Арена» алаңының керемет сапасын әспеттеуден бастаған Жорж Лекенс, байсалды әңгімесін Қазақстанның футбол федерациясы оларға көрсетіп жатқан қонақжай ілтипатына алғыс айтумен жалғастырды.
«Астана сынды әдемі қалаға келгенімізге қуаныштымыз. «Астана-Арена» стадионының керемет сапасы да көңілге қатты жағып отыр. Қазақстан тарапынан көрсетілген қонақжайлылыққа дән ризамыз. Бұны істеуге міндетті емес болса да қарсыластарымыз бізге арнайы жаттығу алаңын бөліп берді. Сол үшін көп рахмет», деді Ж. Лекенс.
Осыдан 3-4 жыл бұрын Қазақстан құрамасы дәл осы командамен екі рет тең түскені есімізде. 2006 жылы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Бельгия құрамалары бір топқа түсіп, Бельгияда өткен алғашқы матчта екі команда бір-бірінің қорғаныс шептерін бұза алмай 0:0 есебімен аяқталған болатын. 2007 жылы қос қарсылас Алматыда кездесті. Бұл жолы да тең ойын болды, бірақ есеп 2:2-мен қорытындыланған.
«Мен бұл ойын болған кезде бапкерлік қызметте емес едім. Сондықтан оған толық баға бере алмаймын. Осы уақытқа дейін командалар өзгерді. Дегенмен Қазақстан Түркия құрамасымен ойнағанында жақсы деңгей көрсетті. Команда тактикалық комбинацияларды жақсы орындады. Бұл кездесулерде мен Карпович пен Жұмасқалиевтің көрсеткен ойындарына қарап, үлкен әсер алдым», деп атап көрсетті бельгиялық бапкер.
Биылғы құраманың сапында сол жылдары Қазақстанмен болған ойындарда ойнаған Симмонс, Ван Бюйтен, Ван Дамм, Вертонген, Дефур, Компани бар және ертең Компаниден басқаларының барлығы алаңға шығады. Ал Қазақстан құрамасында Бельгиямен өткен матчтарда ойнаған Карпович, Жұмасқалиев және Ерісметов бар.
Қазір Қазақстан мен Бельгия екі матчтан өткізіп, екеуі еш ұпай жинай алмады. Қазақстан құрамасы өзі қақпасына 5 гол өткізіп алса, қарсыластарына бірде бір доп салмаған. Бельгия футболшылары өз қақпасына 4 гол жіберіп алып, 2 допты қарсыластардың қақпасына салған.
Бүгіні күні елiмiздің ұлттық құрамасы 126-шы орынға жайғасты. Қазақстан құрамасымен бiрге ЕУРО -2012 жарысының iрiктеу сынында «А» тобына түскен немiстер 4-шi жолақта, Түркия 28-шi, Бельгия 62-ші, Әзiрбайжан құрамасы 106-шы сатыда тұр.