Қазақстанда картоп кластерін құруға 13 млрд. теңге бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда картоп кластерін құруға 13 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлім етті.

Депутат Мұрат Теміржановтың айтуынша, министрлік республикалық бюджеттен картоп өсіру  және оны өңдеу бойынша үш жобадан тұратын кластер құру үшін 13 млрд. теңге қаражат алмақ.  «Айтыңызшы, неге картоп? Оны өсіруге және оны өңдеуге қанша ақша кетеді? Жобалар қай өңірлерде жүзеге асырылады?», - деп сұрады депутат министрден.

«Біріншіден мынаны айтым келеді. Ауыл шаруашылығы саласына бөлініп отырған қаржы - 97,3 млрд. теңге. Оның 51 млрд. теңгесі «ҚазАгро» арқылы несиеге беруге жоспарланып отыр. 51  млрд. теңгенің 14 млрд. теңгесі Елбасы тапсырмасына сәйкес қосалқы шаруашылықтарды қолдауға бөлінеді», - деп атап өтті ол.

Осыдан кейін министр картоп кластерін құру ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге байланысты қолға алынғанын жеткізіп, оның қай өңірлерде жүзеге асырылатындығын нақты атады.

«Бүгінгі таңда картоп өсіру Қазақстанның Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарында өте жақсы жолға қойылған. Сонымен бірге логистиканы ескере отырып, басқа да облыстарға тиімді болса, сол өңірлердің ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін ескереміз», - деді А.Мырзахметов.