Қазақстанда картоп тапшылығы болуы мүмкін бе — Вице-министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл шаруашылықтардағы картоп егу алқабы 5,5 мың гектарға көбейді. Осылайша ішкі нарықтағы қажеттілікті толық жабу көзделген. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді.

Фото: ҚР АШМ

Оның айтуынша, Қазақстанда жылына 2 млн картопқа ішкі қажеттілік бар. Былтыр елде 2,8 млн тонна картоп жиналса, биыл да осы деңгейдегі өнім алу күтіліп отыр.

— Картопты сақтау бойынша да қажетті инфрақұрылым бар. Қыркүйек айындағы жағдай бойынша елімізде 956 көкөніс қоймасы бар. Олардың жалпы сыйымдылығы — 2,6 млн тонна, яғни өндірілетін картоп көлемін толық сақтауға мүмкіндік бар. Картоп экспортында да еліміздің әлеуеті де сақталып отыр, өнімді өткізу нарықтары жеткілікті, — деді Назгүл Хатепова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, ішкі нарықта картоп импортының болуын вице-министр маусымаралық кезеңмен байланыстырды.

— Келер жылдың мамыр-маусым айларында, яғни қоймалардағы қор азайғанда картоп импорты орын алады. Бірақ осы уақытта Түркістан және Алматы облыстарында ерте пісетін картоп шыға бастайды. Маусымаралық кезеңдегі ішкі нарық қажеттілігін жабу үшін осы картоп алқаптары сайын ұлғайтылып келеді, — деді Н. Хатепова.

Бұған дейін Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Қазақстан астығы қай елдерге көбірек экспортталатынын айтқан еді.

Астық экспортын ұлғайту үшін пойыз өткізу қабілеті де күшейіп келеді.