«Қазір Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм және терроризм мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жан-жақты талқыланып жатыр. Құжаттың таныстырылымында бірқатар сауалдар қойылып, қажетті ұсыныстар жасалды. Сол ұсыныстың бәрі жұмыс тобында талқылануда. Заң жобасы арқылы қандай өзгерістер болуы мүмкін? Біріншіден, экстремизм мен терроризмге байланысты қылмыстық жауапқа тарту, яғни бас бостандығынан айыру мерзімі ұлғайтылуда. Өйкені, бұл ауыр қылмыстар болғандықтан, осындай ұсыныстар ескеріліп отыр»,-деді депутат «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында.
Бұдан бөлек, Н. Сабильянов қару-жарақ айналымына қатысты оны сақтау тәртібін күшейтетін нормалар қамтылғанын атап өтті. Мәселен, оның айтуынша, қызметтік қару-жарақтың, оқ-дәрілердің айналымын бақылау бағытында ерекше тәртіп орнатылмақ. Сосын жалпы қару-жарақ дүкендерінің жұмысына қойылатын талаптар күшейеді.
«Мәселен, тұрғын үйлерде, спорттық және ойын-сауық ғимараттарында, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарында, қоғамдық ғимараттарда қару мен оның оқ-дәрілерін сақтауға тыйым салынып отыр. Экстремизм және терроризмге ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктер қызметіне тыйым салу да қарастырылады. Бұл бағыттағы ұсыныстар талқылануда. Сонымен қатар бізде экстремизм мен терроризмге қарсы арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізу тәртібі қазіргі кезде жеңілдетіліп отыр. Өйткені, алдын алу шаралары алдағы уақытта жақсы нәтиже береді деген ойдамыз»,-деп атап өтті халық қалаулысы.
Тұтастай алғанда, депуттар жұмыс тобының аясында заң жобасын одан әрі жетілдірумен айналысып жатыр. «Бұл қоғамға керек заңнама. Барлығымыз осы заң жобасын қолдап отырмыз. Менің ойымша, осы бағыттағы жұмыстар арқылы экстремизм және терроризмге қарсы күрес пен оған қатысты қадамдар түбегелі реттеледі», - деп түйіндеді сөзін Н. Сабильянов.