Қазақстанда қару-жарақты әкелу мен әкетуге қойылатын талаптар өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 25 мамырдағы бұйрығымен азаматтық және қызметтік қару-жарақ пен оған арналған патрондардың айналымы саласында екінші санаттағы рұқсаттарды беру кезінде қойылатын талаптарға және оларды растайтын құжаттар тізбесіне өзгерістер енгізілді.

Фото: ҰҚК

Атап айтқанда, Қазақстан аумағына азаматтық және қызметтік қару-жарақ пен патрондарды әкелуге, ел аумағынан әкетуге және республика арқылы транзитпен өткізуге қорытынды беру кезінде қолданылатын бірқатар талап пен құжаттар тізбесі қайта қаралды.

Жаңа талаптарға сәйкес, құжаттарда қару мен патрондардың саны, оларды әкелуге немесе әкетуге жауапты тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат деректері, қару мен патрондар әкелінетін мемлекет, сондай-ақ олар өткізілетін кеден пункті немесе шекарадан өткізу пункті туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс.

Сондай-ақ үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарларды әкелуге, әкетуге және транзитпен өткізуге арналған бірыңғай қорытынды нысанына сәйкес рәсімделген қорытынды жобасы ұсынылуы қажет.

Қару мен патрондарға қол жеткізе алатын адамдардың өтелмеген немесе заңда белгіленген тәртіппен алынбаған соттылығы болмауы тиіс. Сонымен қатар олар заңнамада көрсетілген бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасамаған болуы керек.

Бұдан бөлек, қаруға қол жеткізе алатын адамдар экстремизмге, терроризмге немесе ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бағыты бойынша ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының есебінде тұрмауға тиіс.

Заңды тұлғалар үшін мемлекеттік баж төлеу міндеті сақталады.

Қару мен патрондардың заңсыз қайта жасалуына жол бермеу үшін олардың криминалистикалық талаптар мен сынақ әдістеріне сәйкестігі расталуы қажет. Сондай-ақ қару мен патрондарды Қазақстан аумағына әкелгеннен кейін тиісті сынақтан өткізу туралы шарт ұсынуға болады. Бұл талап уақытша әкелу немесе әкету жағдайларына қолданылмайды.

Сонымен қатар өтініш берушінің азаматтық және қызметтік қару-жарақ пен оған арналған патрондар саудасын жүргізуге құқығы болуы тиіс.

Құжатқа өзге де өзгерістер енгізілген.

Бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері елде заңсыз айналымнан 900-ден астам қару тәркіленгенін хабарлаған болатын.